АЛМАТЫ, 26 шілде – Sputnik. Алматыда демалыс күндері карантин бұзудың 39 жағдайы анықталды. Олар 40 мониторинг тобының жұмысы барысында белгілі болды. Топ құрамына аудан әкімдіктері, полиция қызметкерлері мен кәсіпкерлер палатасы өкілдері енді, деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қазір қалада санитарлық-эпидемиологиялық ахуал мутацияланған коронавирустың дельта штамна байланысты ушығып тұр. Алматыда өткен тәулікте коронавирус инфекциясының 1 219 жаңа жағдайы тіркелді. Адамдар карантиндік шектеулер сақталмаған жерлерде жұқтырып жатыр.
Көп жағдайда карантин шектеулері жұмыс режимі мен келушілер арасындағы әлеуметтік қашықтықты сақтамайтын ойын-сауық орындарында бұзылады. Қызметкерлер медициналық бетперде тақпайды. Сондай-ақ алматылықтар үйлену тойы мен салтанатты іс-шара өткізуден бас тартпай отыр.
"Демалыс күндері Бостандық ауданының мониторингтік тобы Дулати көшесінің бойында орналасқан 18 мейрамхана мен банкет залын тексерді. Екі мекемеде карантиннің бұзылуы анықталды. Bi Kumis салтанат залында 85 қонақтың қатысуымен құдалық өткен. Ал "ҰлыТау" мейрамханасында 45 адам болған туған күн өтті", - деп хабарлады қала әкімдігі.
Тойды ұйымдастырғандар әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 425-бабы 1-бөлігі ("Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу") бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ал мекеме иелеріне қатысты Бостандық ауданының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына материалдар жиналды.
Тәртіп бұзушылар тізімінде Медеу ауданындағы "Атмосфера" мейрамханасы да бар, онда 24 шілдеге қараған түні 100-ге жуық адам болды.
Наурызбай ауданында "Гранада Холл" мейрамханасында бұзушылық тіркелді, онда салтанатты іс-шараға 100-ден астам адам жиналды. Сол ауданда "Самир" мейрамханасында 100-ге жуық қонақ болды.
Алмалы ауданындағы "Кино" кафесінде карантин бұзылды, онда 60 адам болды. 25 шілдеде түн ортасында Медеу ауданының Late night show барында 110-120 адам болған.
Тәртіп бұзушылардың тізіміне Наурызбай ауданының "Бақ Сарай" мейрамханасы да тіркелді, онда 100 қонақ болды. Сондай-ақ 90 келуші болған "Сұлтан Сарай" мен "Нұр-Ай" мейрамханаларында бұзушылықтар анықталды.
Әуезов ауданының мобильді топ өкілдері 24 шілдеде Жетісу-4 шағын ауданындағы "Веселидзе" дәмханасындағы бұзушылықтарды анықтады.
Айта кетері, биыл карантин шараларын бұзған 2 767 нысан анықталып, 4 798 хаттама толтырылды. Заңды тұлғаларға 167 миллион теңгеден астам сомаға 479 хаттама жасалды.
Бетперде режимін бұзғаны үшін жеке тұлғаларға қатысты 190 миллион теңгеге жуық сомаға 4 319 хаттама толтырылды.