Саясат

Тоқаев пен Назарбаев Өзбекстан президентімен сөйлесті

© Sputnik / Абзал КалиевАқорда
Ақорда - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.07.2021
Жазылу
Қазақстан мен Өзбекстан басшылары Ауғанстандағы жағдайды және оның өңірлік қауіпсіздік үшін ықтимал салдарын талқылады

НҰР-СҰЛТАН, 24 шілде – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеевті туған күнімен құттықтады.

Мемлекет басшылары екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Биылғы бес айдың ішінде екіжақты сауда көлемі 46 пайызға артқан. Инвестициялық, көлік-логистикалық жобалар жүзеге асырылуда, жаңа авиациялық бағыттар ашылуда. Қазақстан мен Өзбекстан халықаралық, өңірлік алаңдарда бір-бірімен тығыз байланыс жасайды, деп хабарлайды Ақорда.

Тоқаев жуырда Ташкентте өткен Орталық Азия және Оңтүстік Азия елдері арасындағы ынтымақтастық мәселелері жөніндегі халықаралық конференцияның қорытындысына жоғары баға берді.

Екі ел басшылары Ауғанстандағы жағдайды және оның өңірлік қауіпсіздік үшін ықтимал салдарын жан-жақты талқылады. Тоқаев пен Мирзиёев аталған проблема бойынша ортақ түсінік бар екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Өзбекстан президентінің Қазақстанға жасайтын алдағы ресми сапары екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуда маңызды оқиға саналатынын айтты.

Тағы оқыңыз: Ауғанстандағы жағдай Орталық Азияға қандай қауіп төндіреді?

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевті туған күнімен құттықтап, өзбек халқының мойындалған көшбасшысына зор денсаулық, құт-береке және бауырлас Өзбекстан халқының игілігі жолындағы қызметіне табыс тіледі.

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев та Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті, деп жазады Елбасы сайты.

Назарбаев Шавкат Мирзиёевті шын жүректен туған күнімен құттықтап, оған мықты денсаулық пен амандық, бауырлас Өзбекстан халқының игілігі жолындағы белсенді жасампаз қызметіне жаңа табыстар тіледі.

Елбасы Өзбекстан көшбасшысының екі мемлекет арасындағы стратегиялық серіктестік қатынастарды дәйекті түрде нығайтуға зор үлес қосқанына ерекше тоқталды.

Соңында тараптар Қазақстан мен Өзбекстан серіктестігінің жоғары деңгейін және екі ел халықтарының мүддесі үшін оны одан әрі дамытудың келешегі зор екенін атап өтті.

Жаңалықтар
0