НҰР-СҰЛТАН, 23 шілде – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазақстандықтарды жаңа вакцинаны күтпей, елде бар екпелерді салдыра беруге шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айта кетері, биыл күзге таман Қазақстанға Pfizer вакцинасын жеткізу жоспарланып отыр. Министрдің айтуынша, бүгінде келіссөздер аяқталуға жақын. Алайда Цой жаңа вакцинаны күтпеу керек деп отыр.
"Жағдай ушығып кетті, қиын жағдай болып тұр. Күн сайын инфекция жұқтыратындар саны артып келеді. Өкінішке қарай, азаматтарымыз қайтыс болып жатыр. Олардың барлығы – екпе алмағандар. Біз жансақтау бөлімдерін аралағанда пациенттермен сөйлесеміз. Олар ауруды жұқтырғанға дейін вакцина алмағанына өкінеді", - деді Цой орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Осы орайда министр екпе салдырған адамдар коронавирус жұқтырса да, жеңіл ауратынын, бірен-сараны ғана орташа ауыр жағдайда түсетінін ерекше атап өтті. Сондықтан Қазақстанда бар вакциналарды салдырған адам ауыр жағдайға түспейді.
"Вакцина салдырған адамдар аман қалып жатады. Міне, бұл – басты мәселе. Сондықтан популистік ұрандарға сенбеңіздер. Вакцина қабылдаңыздар. Ондай мүмкіндік бәрінде жоқ. Көршілерді қараңыздар. Олар Қазақстандағы вакцинаның қаншалықты қолжетімді екенін көргенде кәдімгідей қызғанышпен қарайды. Себебі бізде кез келген адам вакцина салдыра алады. Жаңа вакцина да келеді. Оны да саласыздар", - деп атап көрсетті Цой.
Ал денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният шетелдегі статистиканы мысалға келтірді. Оның айтуынша, Еуропа елдерінде вакцинадан кейін коронавирусты жұқтыру жағдайы аз емес. Алайда адамдардың көбісі екпе салғандықтан, өлім көрсеткіші Қазақстанға қарағанда төмен болып тұр.
"Мысалы, Ұлыбританияда 60 миллион адам вакцинаның бірінші компонентін салдырды. Ал толық вакциналаудан 45 миллион адам өтті. Ол жақта да вакцина салдырған адамдар ауырып жатады. Күніне 48 мың адам вирус жұқтырады. Бірақ қайтыс болғандар саны өте аз. Бір тәулікте 63 адам", - деп атап көрсетті Ғиният.
Оның айтуынша, Израильде халықтың 80 проценті, тіпті, балалар да вакциналаудан өтті. Соның арқасында күніне коронавирустан үш-ақ адам қайтыс болады. Олардың дені – онкологиялық ауруы бар науқастар.
Қазақстанда соңғы бір тәуліктің ішінде коронавирус пен ковидтік пневмониядан 74 адам қайтыс болған.