НҰР-СҰЛТАН, 23 шілде — Sputnik. Қаржы мониторингі агенттігінің тергеушісі қылмыстық салғырттыққа жол бергені үшін кінәлі деп танылды. Тергеуші жауап алғаннан кейін ер адам терезеден секіріп кеткен. Алматыда сот тергеушіні кінәлі деп тауып, оған қатысты үкім шығарды, деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.
Іс қаладағы Алмалы аудандық сотында қаралды. Алматы бойынша Қаржы мониторингі агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Бек Исаев кінәлі деп танылды.
Қылмыстық кодекстің 371-бабының 2-бөлігі ("Абайсызда ауыр зардаптарға алып келген салғырттық") бойынша екі жылға сотталды. Сот үкімі 9 шілдеде шықты.
"Ол күдіктінің қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін тергеуге алынды. Күдіктінің ментальді сырқаты қозып, өз-өзіне қол салды", - делінген хабарламада.
Қазақстандық БАҚ өткен жылдың қыркүйегінде 44 жастағы Ерлан Қоныспаевтың көз жұмғаны туралы жазды. Ол ғылым саласына бөлген қаражатты жымқыру фактісіне байланысты жауап алуға шақырылған. Жауап алғаннан кейін тергеуші Қоныспаевты уақытша ұстау изоляторына қамау туралы шешім қабылдайды.
Қаржы мониторингі агенттігі хабарлағандай, хаттама толтырып, жеке тінтуден кейін Қоныспаев ыңғайлы сәтті пайдаланып, өз-өзіне қол жұмсаған. Алайда қайтыс болған азаматтың туыстары оның суицид жасағанына сенбейді.