Денсаулық

Алматыда карантин күшейтіледі

© Sputnik / Тимур БатыршинАлматы
Алматы - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.07.2021
Жазылу
Қалада 665 мың адам коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін салдырды. Бабақұмаров денсаулықты сақтау мен індеттің алдын алудың жалғыз жолы вакцина екенін айтты

АЛМАТЫ, 22 шілде – Sputnik. Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырған науқас санының артуына байланысты шектеу шаралары күшейтіледі. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың төрағалығымен өткен қалалық штаб отырысында айтылды.

Жиын барысында Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин шілденің 3 аптасында 12 мыңнан астам адамның коронавирус жұқтырғанын айтты. Бұл маусыммен салыстырғанда 4 есе көп. Сол себепті қатаң шектеу шаралары енгізіледі.

Қазір қалада базарлар, қоғамдық көлік, мейрамхана, дәмхана, барлар, адамдар көп жиналатын саябақтар мен жаяу жүргіншілер көшелері инфекция жұқтыратын орын саналады.

Эпидемиологтардың айтуынша, базарларда дерт жұқтыру 10%-тен 15,9%-ке дейін, сауда нысандарында 31%-тен 39,7%-ке дейін, демалыс саябақтарында және жаяу жүргіншілер көшелерінде 1,2%-тен 5%-ке дейін өскен.

"Сондықтан ведомствоаралық комиссияның ұсынысы бойынша коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау үшін шектеу шараларын күшейту жоспарлануда. Атап айтқанда, нысан жұмыстарына барынша қатаң шектеулер қою жоспарланып отыр. Қаланың бас санитар дәрігерінің қаулысына жақын арада тиісті толықтырулар мен өзгерістер енгізіледі", - делінген қала әкімдігі таратқан ақпаратта.

Жиын кезінде карантин шараларының сақталуын бақылау жөніндегі мониторинг топтарының жұмысы туралы мәселе қаралды.

Қазір Алматыда 40 мониторинг тобы жұмыс істейді. Ержан Бабақұмаров Ashyq-та жұмыс істейтін нысандар арасында тәртіп бұзушыларды анықтау жұмыстарын күшейтуді және қоғамдық орындарға "қызыл" статуспен барғандарды жауапкершілікке тартуды тапсырды.

Сондай-ақ Ержан Бабақұмаров денсаулықты сақтау мен індеттің алдын алудың жалғыз жолы вакцина салдыру екенін айтты.

Қазірге дейін Алматыда 665 мың адам коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін салдырды.

Жаңалықтар
0