НҰР-СҰЛТАН, 21 шілде – Sputnik. Алматыдағы Шет тілдер және іскерлік карьера университеті бас лицензиядан айырылу алдында тұр. БҒМ білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің қайта тексеру жұмыстары осындай нәтиже көрсетті.
Білім министрлігі баспасөз қызметінің ақпаратынша, жоғары оқу орнында профилактикалық бақылау жүргізілді. Нәтижесінде тексеру парағының 46 тармағынан 39 тармағы бойынша заңбұзушылықтар анықталды.
Университетке оларды жоюға уақыт берілді, алайда жоғары оқу орны білім беру қызметінің сапасын жақсарту үшін қажетті жұмыс жүргізбеген.
"Шет тілдер және іскерлік карьера университетінде білім беру сапасын қамтамасыз етудің ішкі жүйесі қалыптаспаған. Білім беру бағдарламаларын, жеке оқу жоспарларын талдау белгілі бір пәндер бойынша кредиттерді игеруде үлкен айырмашылықтарды көрсетті. Тиісінше, білім алушылар пәндерді толық көлемде меңгермейді. Оқыту нәтижелері бойынша студенттердің 90%-і шекті деңгейден өте алмады", – деді БҒМ білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің басқарма басшысы Эльвира Сапарбекова.
Айтуынша, оқу процесінде тіпті ең төменгі белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін ескірген компьютерлер қолданылған. Бейіндік магистратура түлегіне ғылыми-педагогикалық бағыттағы магистр дәрежесін беру бойынша да заңбұзушылықтар анықталды. Мемлекеттік аттестаттау комиссиясының шешімімен бір жылдық магистратура түлегіне екі жылдық магистр дәрежесі берілген.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда 3,5 мыңға жуық студент оқыған университет жабылды
Комитет анықталған заңбұзушылықтарға байланысты Шет тілдер және іскерлік карьера университеті лицензиясының қолданылуын тоқтатты. Бұдан әрі бас лицензиядан айыру және жоғары оқу орнын жабу бойынша жұмыс жүргізіледі.
Заңнамаға сәйкес, лицензияның күші тоқтатылған жағдайда, студенттер басқа жоғары оқу орындарына ауыса алады.
Министрлік талапкерлерден жоғары оқу орындарын таңдауға жауапкершілікпен қарауды сұрады.