Өңірлер

Бостандыққа шығуына 8 ай қалған: Колонияда қаза болғандар туралы жаңа дерек шықты

© Photo : ЛадаОбрушение здания в колонии в Мангистау
Обрушение здания в колонии в Мангистау - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.07.2021
Жазылу
Маңғыстау облысында түзету мекемесіндегі жатақхананың құлауы салдарынан зардап шеккен төрт адам қазір ауруханада жатыр және оның біреуінің жағдайы ауыр

НҰР-СҰЛТАН, 21 шілде — Sputnik. Колонияда жатқхананың құлауы салдарынан мерт болғандардың туыстары Маңғыстауға келіп жатыр, деп хабарлады "Еуразия" бірінші арнасы.

Бұл жағдай оларды қатты есеңгіретіп тастады. Қайтыс болған сотталушылардың бірінің бостандыққа шығуына санаулы ай қалған.

"Біз мәйітті әлі көрген жоқпыз. Інім көз жұмды. Ол түрме асханасында жұмыс ісейтін. Он бір жыл абақтыда болды. Бостандыққа шығуына сегіз ай қалған еді. Ол түрмеге дені сау, дін аман күйінде түскен. Сол қалпында ортамызға оралуы керек еді", - дейді көз жұмғандардың бірінің әпкесі Зейнеш.

Дәрігерлер ғимараттың опырылуынан зардап шеккендердің қазіргі жай-күйі туралы айтып берді. Сегіз адамның төртеуі қазір ауруханада жатыр. Тағы төрт азамат медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаториялық ем қабылдау үшін қайтарылды.

Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы қабылдау бөлімінің меңгерушісі Айберген Сәуірбаевтың айтуынша, ауруханаға жеткізілгендердің ішінде төрт адамға дәрігерлердің көмегі қажет болған және олардың бірінің жағдайы ауыр.

"Ол қазір жасанды тыныс алдырту аппаратына қосылған. Жағдайы ауыр. Тағы үш науқасқа көмек көрсетіп жатырмыз. Олар есін біледі. Толық көлемде ем қабылдап жатыр. Негізінен мидың шайқалуы, жабық бассүйек-ми жарақаты, өкпенің зақымдалуы, аяқ-қолдың сынуы сынды жарақаттар алған", - деді ол.

Қалған төрт азаматтың жарақаты өмірге қауіпсіз болғандықтан, олар колонияға қайтарылды, медициналық көмекті сол жақта алады.

Ішкі істер вице-министрі мен қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің басшысы зардап шеккендермен кездесті.

Сонымен қатар ІІМ арнайы комиссиясы төтенше жағдай бойынша тергеуді бастады.

"Тексеру жұмыстары жүріп жатыр, қорытындысы туралы туыстарына хабарлаймыз. Әрқайсымен жеке-жеке сөйлесеміз", - деді Маңғыстау облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаменті ГМ-172/6 мекемесі басшысының орынбасары Азат Сәдуов.

Қайтыс болғандардың отбасыларына қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Бұл жағдай ІІМ ерекше бақылауында тұр. Қазір мамандар 700 адам жазасын өтеп жатқан колония аумағындағы барлық ғимаратты тексеріп жатыр.

Ғимараттың опырылып құлауына не себеп болғанын тергеу анықтайды. Қылмытық іс қозғалды. Кінәлілер сегіз жылға сотталуы мүмкін.

Еске салсақ, 19 шілдеде кешкі сағат 17.00 шамасында Маңғыстау облысында ГМ-172/6 сотталғандарға арналған колонияның ғимараты құлады. Қиранды астында қалған 11 адамның үшеуі көз жұмып, сегізі ауруханаға жеткізілді.

Жаңалықтар
0