Видео

Құрбан айтта қай өңірлерде айт намазы мешітте оқылады – видео

Жазылу
20 шілдеде барша мұсылман жамағаты үшін ұлық мереке Құрбан айт басталады. Үш күнге жалғасатын діни мейрамның алғашқы күнінде мешіттерде Айт намазы оқылады

Алайда биыл коронавирус инфекциясының таралуына байланысты "қызыл" аймақта тұрған өңірлерде бұл жергілікті бас санитар дәрігерлердің қаулысына сәйкес жүзеге асады.

Sputnik Қазақстан ертең қай өңірде Құрбан айт намазы мешітте оқылатынын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан сұрады.

ҚМБД шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұловтың сөзінше, мешітте айт намазы оқылмайтын өңірлер тізіміне үш қала пен үш облыс кірді.

"Биыл да сынақты жыл болып жатыр. Былтыр карантин жағдайында індетке байланысты жұма намазы, Құрбан айт намазы тоқтатылды. Биыл да бұл жағдай осылай жалғасып келе жатыр. Ең соңғы мәлімет бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қаласы мен Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда облысында мешітте намаз оқылмайды. Қалған облыста Айт намазы оқылады", - деді Хасан Аманқұлов.

Ал басқа өңірлерде мешіттерде намаз далада, адамдар арасында арақашықтықты сақтап оқылады.

Құрбан шалуға, құрбандық етін алуға өтініш беруге болатын Qurban2021.kz сайты 15 шілдеде іске қосылды. 4 күн ішінде құрбан шалуға қазақстандықтардан 1 460 өтініш түскен.

17 шілдеде бір-екі сағаттың ішінде құрбан етін алуға мұқтаждардан 2 мыңға жуық өтініш қабылданған.

"Тапсырыс берушілердің саны аз, мұқтаждар өте көп. Бүгінгі есеп бойынша 1 460 адамнан құрбан шалуға өтініш түскен. Ал 5 039 адамнан ет алуға өтініш түсті, бәрін тіркеп жатырмыз. Құрбан шалу – жағдайы бар адамға міндет. Етті қаласа өзі жейді, қаласа мұқтаж туыстарына береді. Онлайн арқылы құрбан шалуға тапсырыс берілген ет түгел мұқтаждарға беріледі", - деді ҚМДБ өкілі.

Мұқтаж болмаса да үйде жатып, "ет керек еді" деп тіркеле салу – ұят. Жағдайға қарау керек. Шынында қиналып жүрген отбасы болса, бала-шағасы көп болса, жалақысы аз болса, сондай адамдарға тіркелуге көмек көрсету қажет. Ет сатып алуға мүмкіндігі бола бермейтін отбасылар бар. Мұқтаждың қатарына кіріп, ет сұрау – ұятты жағдай, дейді Хасан Аманқұлов.

ҚМБД өкілінің айтуынша, өтініш берушілер сайтта әлеуметтік жағдайын көрсетеді. Сол кезде бір үйден бір адамның тіркелгені жеткілікті.

"Тапсырыс бергендердің қаражатын алып, мал сатып алып, соямыз. Соның бәрі 30 секундтық видеоға түсіріледі. Сол жерде молда кімнің атынан шалынып жатқанын айтып, малды бауыздаған видео-есеп тапсырыс берушінің Whatsapp нөміріне жіберіледі", - деді Аманқұлов.

Айтуынша, Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында салыстырмалы түрде тапсырыс берушілер көбірек тіркелген. Нұр-Сұлтанда қазірге дейін 141 адамнан, Алматыдан 196 тапсырыс түскен.

Оқи отырыңыз: Президент Құрбан айт мейрамына қатысты үкімет пен әкімдерге тапсырма берді 

Ең аз тапсырыс түскен – Қызылорда облысы. Бұл жақтан бір қой, бір ешкіні құрбан шалуға тапсырыс түскен. Түркістан облысынан – 9, Павлодар облысынан – 5, Солтүстік Қазақстаннан – 5, Шығыс Қазақстаннан 5 тапсырыс түскен.

"Мұқтаждардың өтініші жайлы айтар болсақ, 5 039 адамның 1 468-і Нұр-Сұлтан қаласынан түсті. Шымкенттен 1 043 адам өтініш берді. Алматы қаласынан тапсырыс көп, өтініш аз. Облыста мұқтаждар көбірек пе деп ойлайсың, бірақ Нұр-Сұлтан қаласында мұқтаж көп екені байқалды", - дейді Аманқұлов.

Айта кетейік, биыл Құрбан айт 20-22 шілдеге түсіп тұр. Құрбан айттың бірінші күні 20 шілде – демалыс.

Жаңалықтар
0