НҰР-СҰЛТАН, 19 шілде – Sputnik. Елде коронавирусқа байланысты эпидемиологиялық ахуал нашарлап барады, деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеңес барысында.
"Соңғы кезде коронавирус жұқтырғандар саны күрт артып кетті. Күн сайын 5 мыңнан астам науқас тіркелуде. Бір апта бұрын осы мәселені үкіметтің кеңейтілген отырысында қарастырдық. Сол кезде Үкімет ахуалды бақылауда ұстап отырмыз деп мәлімдеген болатын", - деді мемлекет басшысы.
Ол өңірлердің басым бөлігі қызыл аймақта екенін атап өтті. Ауыр және аса ауыр жағдайдағы науқастардың саны күн сайын көбейіп бара жатқанына тоқталды.
"Өкінішке қарай, жағдай жақсаратын емес. Керісінше, эпидемиологиялық ахуал нашарлап барады. Әсіресе, елордадағы жағдай өте күрделі", - деді президент.
Тоқаев қазіргі уақытта өзекті мақсат – вирустың таралуын тоқтату емес деп отыр. Өйткені әлемдік тәжірибе мұның мүмкін емес екенін көрсетіп отыр.
"Ең бастысы – аса ауыр науқастардың көбеюін болдырмау, адам өмірін сақтау. Сондықтан оның бір ғана жолы бар. Бұл – жаппай вакцинация, екпе салу", - деді ол.
Мемлекет басшысы азаматтардан айырылып жатқанымызды айтып, шұғыл түрде іс-шаралар қолдану керектігіне тоқталды. Тиісті жұмыс жоспарын дайындап, оны міндетті түрде іске асыруымыз қажет деп тапсырды.