НҰР-СҰЛТАН, 19 шілде — Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әнші Рухия Байдүкенованы "Славян базары" байқауындағы жеңісімен құттықтады.
Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында Рухияның табысты өнер көрсетуі республика Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында барша қазақстандыққа жасаған тамаша тарту болғанын жазды.
Оқи отырыңыз: Қазақ қызы "Славян базарына" қатысу үшін 23 келіге арықтаған
"Әлемнің көптеген елінің кіл мықты таланттары қатысқан осынау айтулы байқауда көрсеткен өнеріңіз – Сіздің кәсіби даралығыңыздың, табиғи дарыныңыз бен әртістік шеберлігіңіздің айқын дәлелі", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жас әншіге арнаған құттықтау сөзінде.
Рухияның "Славян базарындағы" жеңісі
Жиырма екі жастағы қазақстандық Рухия Байдүкенова "Витебсктегі Славян базары" халықаралық өнер фестивалінде бас жүлдені жеңіп алды. Әнші Талдықорғанда туған. Бала кезінен вокалмен айналысады. Қазір ол Қазақ ұлттық өнер университетінде "Эстрада вокалы" мамандығы бойынша үшінші курста оқиды.
2014 жылы ол "Жас қанат" республикалық жас әншілер байқауының жеңімпазы атанды, ал 2015 жылы "Еуразия жұлдыздары" және "Астана дауысы" халықаралық байқауларында бірінші орынды иеленді. Рухияның дауыс диапазоны бес октава.