НҰР-СҰЛТАН, 19 шілде – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрбан айт мейрамы кезінде жағдайды ушықтырып алу қаупі туралы ескертті.
"Ертең бүкіл мұсылман қауымы үшін қасиетті Құрбан айт мерекесі басталады. Елде күрделі ахуал қалыптасып отыр. Сондықтан біз жұрттың құрбандық шалатын жерлерде жаппай жиналуын болдырмауымыз керек", - деді Тоқаев елдегі эпидемиологиялық ахуал мәселелеріне арналған кеңесте.
Президенттің айтуынша, жағдайды одан бетер ушықтырып алуымыз мүмкін.
"Үкімет пен әкімдер осы мәселені ерекше бақылауда ұстауға тиіс. Құрбан айтта инфекциялық қауіпсіздікті барынша қамтамасыз ету қажет", - деп қадап айтты Тоқаев.
Биыл Құрбан айттың бірінші күні 20 шілдеге түсіп тұр. Бұл күні қазақстандықтар демалады. Мейрам үш күнге созылады.
Пандемияға байланысты құрбан шалу екі жолмен өткізіледі. "Қызыл" аймақта – онлайн, ал "сары" және "жасыл" аймақта дәстүрлі жолмен де, онлайн да құрбан шалуға болады.