Климаттық астан-кестеннен бүкіл Еуропа зардап шегіп отыр. Мұнда жаздың дәл ортасында нөсер жауын жауып, ол су тасқынына алып келді. Соның салдарынан Нидерланды, Люксембург, Германия мен Бельгия қалалары лай судың астында қалды.
Әсіресе Германияның батысында көп адам көз жұмып, қаншама адам әлі іздестіріліп жатыр. Инфрақұрылымға үлкен залал келіп, жолдар шайылып, үйлер қирап қалды. Рейнланд-Пфальц пен Солтүстік Рейн-Вестфалия жеріндегі ахуал төтенше жағдайға жетіп, халық саны 700 адамды құрайтын Шульд аулы толығымен жойылды. Бұл ел тарихында болған ең ірі су тасқынының бірі.
Германияның қорғаныс министрлігі осы жағдайға байланысты әскери апат режимін енгізді. Полиция өз жақындарының жоғалып кеткені туралы хабарлайтын жедел желіні іске қосып, оларды іздестіру үшін пайдасы тиетін видео мен суреттер жолдауды сұрады.
Бельгия мен Нидерландыдағы қирандылар да ауқымды болып отыр. Нидерланды, Франция мен Швейцарияның кей аудандарындағы су деңгейі әлі де көтерілуде.
Табиғи апат туралы толығырақ суреттер топтамасынан көріңіз.