Қоғам

Қазақстанда жыл басынан бері 31 мыңнан аса бала COVID-19 жұқтырды

© Sputnik / Владислав ВодневБалалар, архивтегі сурет
Балалар, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.07.2021
Жазылу
Биыл жаздың басында бір бала коронавирус инфекциясының салдарынан көз жұмған

НҰР-СҰЛТАН, 16 шілде – Sputnik. Қазақстанда балалардың коронавируспен ауыруы жиіледі. Бұл туралы Sputnik Қазақстанға Нұр-Сұлтан педиатрлары қауымдастығының басшысы, Астана медицина университеті балалар ауруы кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, жоғары санаттағы дәрігер-педиатр Сағира Әбдірахманова мәлімдеді.

"Қазір жағдай өте күрделі. Әлемде балалар арасында аурушаңдық өте жоғары, біз де артта қалған жоқпыз. Пандемия басталғалы 38 мыңға жуық бала тіркелді. Жыл басынан бері 31 572 балада коронавирус анықталған. Балалардың дені соңғы айда ауыра бастады",- деді ол.

Балалардың 50%-інде ауру белгілері жоқ. Дәрігердің пікірінше, індеттің күрт өршуінің негізгі себебі – балалардың бетпердесіз жүруі, адамдармен жақын байланыста болуы. Бұған қоса, жаңа штаммдар иммундық жүйені "алдайтын" қабілетке ие, соның кесірінен иммунитет клеткалары инфекцияны дер кезінде анықтап, күресе алмайды.

"Наурыз айында бізде SARS-CoV-2 бета-штамы тіркелді, оңтүстікафрикалық штамм да болды. Қазір "делта" штамм басым", - деді ол.

Әбдірахманова салмағы төмен, қант диабеті мен семіздікке шалдыққан бүлдіршіндер коронавирустың ауыр түрімен ауыратынын атап өтті.

Тағы оқыңыз: ДДҰ: Балалар арасында қызылша мен көкжөтел таралуы мүмкін

Оның ақпаратынша, пандемия басталғалы мультиқабыну синдромының асқынуынан үш бала қайтыс болған.

"Осы жаздың басында Алматыда бір бала көз жұмды. Алдымен ол коронавирустың ауыр түрімен ауырды, кейін ішегіне зақым келді. Дәрігерлер оны аман алып қала алмады", - деді ол.

Педиатрдің айтуынша, балалар коронавируспен ауырғанда жоғарғы тыныс жолдары мен асқазан-ішек жолына зақым келеді.

Жаңалықтар
0