АЛМАТЫ, 15 шілде – Sputnik. Еліміздің бірнеше өңірінде Құрбан айтты мерекелеуге қатысты шектеу шаралары көрсетілген жаңа қаулы қабылданды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Павлодар облысының бас санитар дәрігері Батырбек Әлиевтің №17 және Алматы облысының бас санитар дәрігері Ерғали Сыдымановтың №14 қаулысына сәйкес, екі өңірдегі барлық ұйымда, сондай-ақ жеке үйлер мен медреселерде адам көп жиналатын іс-шаралар өткізуге тыйым салынды.
Сондай-ақ автокөлік пен жекеменшік үйлерден мал сатуға тыйым салынған. Мал сою мен мал сату ветеринарлық қызметтің ресми ветеринарлық-санитарлық қорытындысын алған сою пункттерінде жүргізіледі. Ол жерде күшейтілген ветеринарлық-санитарлық бақылау жүргізіледі.
Оқи отырыңыз: Карантин кезіндегі айт намазы: қандай шектеулер енгізілді
Құрбандыққа шалынған малдың етін мұқтаж жандарға тарату ісімен айналысатын адамдар жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілуі қажет.
Меншік түріне қарамастан барлық жеке және заңды тұлғалар қаулыны орындауға міндетті.
Павлодар облысында қаулы 2021 жылдың 16 шілдесі сағат 00:00-ден бастап 23 шілдеге дейін қолданыста болады.
Алматы облысында қаулы 2021 жылдың 16 шілдесі сағат 00:00-ден бастап күшіне енеді.
Сонымен қатар Алматы облысында Құрбан айт мерекесін ұйымдастыру мәселелерін халыққа түсіндіру үшін Call-орталық іске қосылады.
Құрбан шалу рәсімі қалай өтеді
Биыл барша мұсылманның ұлық мерекесі – Құрбан айт 20-22 шілдеге түсіп тұр. Құрбан айттың бірінші күні 20 шілде – демалыс.
2021 жылы құрбан шалу рәсімі екі жолмен өткізіледі:
- Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары тарапынан рұқсат берілген жергілікті қасапханаларда санитарлық ережелерді қатаң сақтай отырып құрбан шалу, яғни дәстүрлі жолмен ұйымдастыру.
- Бүгінгі пандемия жағдайында құрбан шалушыға қолайлы жағдай жасау және көмекке мұқтаж жандарды қолдау мақсатында өткен жылдың тәжірибесі негізінде www.qurban2021.kz сайты арқылы тапсырыс беріп, онлайн режимде құрбандық шалу.