НҰР-СҰЛТАН, 15 шілде – Sputnik. Белгілі дінтанушы, шығыстанушы, исламтанушы ғалым, Әбсаттар қажы Дербісәлі қайтыс болды. Бұл туралы ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева өзінің Facebook-тегі парақшасында хабарлады.
"Қай кезде де өзінің кең мінезімен, терең білімімен, парасатты болмысымен руханият биігінен көрініп, еліміздегі ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықтың өркен жаюына өлшеусіз үлес қосқан жан еді. Әбсаттар қажы ағамыздың зиялы болмысы, еліне сіңірген еңбегі, жазған рухани шығармалары, жамағатты иман жолына шақыруда айтқан ақыл сөздері – ешқашан тозбас рухани қазына болып халқының жадында мәңгілік сақталады", - деп жазды ол.
Шығыстанушы, дінтанушы, әдебиет зерттеуші, жазушы, сыншы, филология ғылымдарының докторы Әбсаттар Бағысбайұлы Дербісәлі 1947 жылы Түркістан облысында туған.
Оқи отырыңыз: Қазақ киносының мэтрі Сатыбалды Нарымбетов дүниеден озды
1969 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін үздік бітірген.
1970-75 жылдары КСРО Ғылым Академиясы Шығыстану институтының аспирантурасын оқыды.
1975-1976 жылдары Марокко корольдігі, 1985-86 жылдары Тунис Араб республикасы университеттерінде араб тілі мен әдебиеті бойынша біліктілік арттырудан өтті.
1976-77 жылдары ғылым Академиясының М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері болды.
1977 жылдары әл-Фараби атындағы қазақ мемлекеттік ұлттық университетінде ассистент, аға оқытушы, доцент, филология факультеті деканының орынбасары, Шығыс филология кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарды.
1986-1988 жылдары КСРО ғылым академиясы шығыстану институтының докторанты.
1989 жылдары шығыстану факультетінің деканы.
1991-97 жылдары тілдер және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор.
1997-2000 жылдары Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі елшілігінің кеңесшісі, 1-сыныпты кеңесші дипломатиялық лауазым иесі.
2000 және 2005 жылдары Қазақстан мұсылмандарының III және IV Кұрылтай жиынында Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти болып тағайындалды.
2007 жылы Орта Азия мүфтилер кеңесінде бірауыздан осы кеңестің төрағасы болды.
2000 жылдың тамызында Босния мен Герцеговинаның астанасы Сараевода және 2002 жылы сәуірде Кипрде өткен Еуразия Ислам Шурасының IV-V халықаралық конференцияларында осы ұйым төрағасының бірінші орынбасары болып екі рет сайланды.