Видео

"Жусан" арнайы операциясы негізінде деректі фильм түсірілді - видео

Жазылу
Сирияда қақтығыс аймағындағы қазақстандықтарды елге қайтару үшін жүзеге асырылған "Жусан" арнайы операциясы негізінде деректі фильм түсірілді. "Рақымды ұйғарым" фильмінің аңдатпасын Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті жариялады

Фильмде Қазақстан азаматтарының Сириядағы ұрыс қимылдары жүріп жатқан жерлерде өмір сүргені, олардың елге қалай қайтарылғаны, балалар мен ересектерге қалай көмек көрсетілгені, елге қайтарылған балалардың қазіргі өмірі баяндалған. Сондай-ақ арнайы операцияға бастамашы болып, халықаралық келіссөздер жүргізген ресми орган өкілдері пікір қосқан.

Қазақстаннан азаматтарды қауіпті аймақтан алып кетуге барған ұшақ бір кездері ұрыс алаңы болған жерге қонған.

"Барған аэропортымыз – әскери аэродром. Ол жерде соғыс болғаны көрініп тұр", - дейді ұшқыш фильмде.

Фильмде ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева "Жусан" арнайы операциясына қатысқан азаматтарға алғыс айтады.

"Осындай сауабы мол қызмет атқарып жүрген азаматтарға жұмысы әрқашан нәтижелі болуына тілектеспін. Олардың жұмысы еліміздің тыныштығымен өлшенеді. Қызметі табысты, нәтижелі болсын. Әр қызметкердің деніне саулық, отбасына амандық тілеймін", - деді министр.

Деректі фильм 13 шілдеде жарыққа шығады.

"Жусан" операциясы

"Жусан" арнайы операциясы 2019 жылы басталды. Ол Сириядағы қатығыс аймағынан Қазақстан азаматтарын елге қайтаруды көздеді.

Бұл арнайы гуманитарлық операцияның бірінші кезеңі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2019 жылдың 6 қаңтарында ұйымдастырылды. Сол кезде Сириядан Қазақстанға 47 адам қайтарылды, оның ішінде 6 ер адам, 11 әйел және 30 бала бар.

Дәл осы жылы еліміздің арнайы қызметтері өткізген "Жусан-2" операциясы 231 адамды, оның ішінде 156 бала мен 59 әйелді қайтаруға мүмкіндік берді. Арнайы операция 7 және 9 мамырда өткізілді.

Қазақстан "Жусан" гуманитарлық арнайы операциясының үшінші кезеңі аясында Сириядан тағы 171 баланы алып шықты. Отанына оралған балалар оңалтудан өтіп, барлық қажетті көмекті алатын арнайы бейімдеу орталығына орналастырылды. Сондай-ақ бұл жолы 67 әйел жеткізілді. Арнайы шара 2019 жылдың 28-31 мамыры аралығында өтті.

2021 жылдың ақпанында Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, 12 қазақстандықты Сириядан отанына қайтару операциясын өткізді. Оның ішінде 4 ер адам, бір әйел және 7 бала бар.

Арнайы операцияға АҚШ және басқа да халықаралық серіктестер қолдау көрсетті.

Жаңалықтар
0