НҰР-СҰЛТАН, 12 шілде – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстандағы зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшерін атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Министрлік ақпаратына сәйкес, 2021 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша елде 2 миллион 239 мың зейнеткер бар, ал зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері, оның ішінде базалық зейнетақы 99 898 теңгені құрады.
"2021 жылдың маусымында республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 222,3 миллиард теңгеден астам, оның ішінде базалық зейнетақыны төлеуге – 68,2 миллиард теңге, ынтымақты зейнетақыны төлеуге – 154,1 миллиард теңге бағытталды", - делінген ақпаратта.
Айта кетейік, 2018 жылдың бірінші шілдесінен бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі әр адамға жеке тағайындалады. Бұл жағдайда оның зейнетақы жүйесіндегі тәжірибесі ескеріледі.
Бұл ретте 1998 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.
Министрліктің хабарлауынша, егер зейнетақы жүйесіндегі жұмыс өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ін құрайды. Содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ке артады.
Мысалы, 20 жыл еңбек өтілі болса, базалық зейнетақы күнкөріс деңгейі құнының 74%-ін, 30 жыл – күнкөріс құнының 94%-ін құрайды. 33 және одан да көп жыл жұмыс өтілі болса, күнкөріс құнының 100% жоғары мөлшерінде белгіленеді.
Егер бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары бірнеше рет бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жасалса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды.
Оқи отырыңыз: Әлеуметтік жәрдемақы алуға қатысты жағымды жаңалық жарияланды
Осылайша міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық салынатын болса, зейнетақы жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.
Жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылдың 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнетке дейінгі кезеңде алынған орташа айлық табысқа байланысты болады.