Қоғам

Қазақстанда "Тәуелсіздік ұрпақтары" гранты пайда болды – ол кімдерге беріледі

© Sputnik / Абзал КалиевАқша, банкноттар, теңге
Ақша, банкноттар, теңге - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.07.2021
Жазылу
Жаңа грант конкурстық негізде бес бағыт бойынша беріледі. Конкурсқа 14-тен 29 жасқа дейінгі жастар қатыса алады

НҰР-СҰЛТАН, 12 шілде – Sputnik. Үкімет қаулысымен жастарға арналған "Тәуелсіздік ұрпақтары" гранты бекітілді.

Жаңа гранттар 14 жастан 29 жасқа дейінгі жастарға беріледі.

"Тәуелсіздік ұрпақтары" грантының мақсаты – талантты жастарға, олардың  инновациялық жобалары мен ғылыми-техникалық әзірлемелеріне қолдау көрсету, жастардың жаңа және жұмыс істеп тұрған стартап-жобаларын іске асыруға жәрдемдесу, жастар арасында шығармашылық қызметті танымал ету", - делінген құжатта.

Грант конкурстық негізде мынадай бағыттар бойынша беріледі:

  • "Ғылым" – ғылымның басым секторларында жаңа ғылыми жобаларды және зерттеулерді іске асыруға арналған;
  • "Мәдениет" – Қазақстанның мәдени мұрасын танымал етуге, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыруға арналған;
  • "Ақпараттық технологиялар" – жаңа IT шешімдер мен жобаларды, оның ішінде жаңадан басталған стартап жобаларды іске асыруға және әзірлеуге арналған;
  • "Бизнес" – экономиканың басым секторларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған;
  • "Медиа" – жаңа медиа жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контент құру жөніндегі жобаларды іске асыруға арналған.

Конкурстық өтінімдер мемлекеттік және орыс тілдерінде қабылданады.

Өтінімде:

  • жобаның сипаттамасы;
  • жобаның бейне таныстырылымы (алпыс секундтан аспайды);
  • шығыстар сметасының жобасы;
  • зияткерлік меншік туралы мәліметтер (бар болса) қамтылуға тиіс.

Грант жеңіп алған адам үш айда бір рет жобаның іске асырылу барысы туралы уәкілетті органға есеп ұсынады. Уәкілетті орган күнтізбелік бір жыл ішінде грант қаржысының мақсатты пайдаланылуын қадағалайды.

Тағы оқыңыз: 2021 жылы магистратура және докторантураға түсу ережелері қандай

Егер жеңімпаз грантты мақсатты түрде пайдаланбаса, уәкілетті орган одан грант ақшасын қайтаруды талап етуге құқылы. Грант алушы қаражатты  уәкілетті органнан хабарлама алған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде қайтаруға тиіс. Белгіленген мерзімде қайтармаған жағдайда, олар заңнамаға сәйкес өндіріп алынады.

Грант қаражаты қандай жағдайда қайтарылмайды:

  • грант алушы қайтыс болса;
  • грант алушы хабар-ошарсыз кетті деп танылған немесе қайтыс болды деп жарияланса;
  • грант алушы іс-әрекетке қабілетсіз деп танылған жағдайларда (растайтын құжаттар болған кезде).

Грант санын жыл сайын Қазақстан үкіметі белгілейді.  

Құжат 2021 жылдың 20 шілдесінен бастап күшіне енеді.

Жаңалықтар
0