АЛМАТЫ, 10 шілде — Sputnik. Жас жігіт "Нұр-Мүбарак" мешітінде зорланған жоқ, деп хабарлады Алматы орталық мешітінің баспасөз қызметі.
"Бұқаралық ақпарат құралдарын жалған ақпарат таратпауға шақырамыз. Қылмыс мешіт ішінде жасалған жоқ", - деді мешіттегілер.
Баспасөз қызметі ұсталған ер адам мешіт күзетшісі емес екенін айтып отыр. Нұр-Мүбарак университеті мен оқу орнына тиесілі нысандарды "Скимен.KZ " жеке күзет компаниясының қызметкерлері күзетеді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Нұр-Мүбарак" мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлы әлеуметтік желідегі парақшасында жатақханасы мен мешіт бар университет аумағы 6 гектар екенін айтты. Аумақты күзету үшін "Скимен.KZ" күзет агенттігімен келісім жасалған.
"Оқиға болған күннің өзінде жауапкершілік осы компания қызметкерлерінің мойнында. Сондықтан бұл мәселеге қатысты мешіт қызметкерлерін кінәлау, олар жайлы теріс пікір жазу орынсыз деп санаймын", - деді ол.
Бұған дейін адвокат Айман Омарова Facebook-те Алматының Бостандық ауданында орналасқан Нұр-Мүбарак мешітінде 18 жастағы жігіт зорланды деп жазды.
Алматы полиция департаменті Sputnik Қазақстан тілшісіне бұл факт бойынша арыз Бостандық аудандық полиция басқармасына 8 шілдеде түскенін хабарлады.
"Ол Қылмыстық кодекстің 121-бабы ("Жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық") бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Күдікті 1975 жылы туған, дереу ұсталды. Қазір ол полиция басқармасында. Бұлтартпау шарасын таңдау туралы мәселе шешіліп жатыр", - деді департамент.
Күдікті бұл әрекеті үшін бес жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.