НҰР-СҰЛТАН, 9 шілде – Sputnik. Қазақстанның үш өңірінде жалған вакциналау төлқұжатын рәсімдеген медицина қызметкерлері ұсталды. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Еліміздің үш өңірінде вакциналау төлқұжаттарын сатқан медицина қызметкерлері ұсталды. Олар екпе салдырмаған адамдарға құжат берген. Ал вакцинаны төгіп тастаған. Осылайша, халық денсаулығын пайда табу көзіне айналдырды. Бюджет ақшасы болса, желге ұшып жатыр. Сонда жалған төлқұжат алған адамдар біздің арамызда жүр. Олар халықтың денсаулығына қауіп төндіреді ғой", – деді Ахметжанов агенттіктің алқа мәжілісінде.
Ресми мәліметке сәйкес, заң бұзған дәрігерлер Нұр-Сұлтан қаласында, сондай-ақ, Ақмола және Алматы облыстарында ұсталды.
Бұдан бөлек, пандемиямен күрес шараларына бөлінген қаржыны жұмсауға қатысты 104 сыбайлас жемқорлық фактісі анықталды. Агенттік басшысының сөзіне қарағанда, медициналық құрал-жабдықты сатып алу кезінде бюджет қаржысын жымқыру әрекеттері әлі күнге дейін тыйылмай тұр.
"Шымкент қаласында денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мырзақұлов медициналық техниканы тым жоғары бағамен сатып алу фактісі бойынша сотталды. Бюджетке 1,5 миллиард теңгенің шығыны келді. Дәл сондай фактілер Маңғыстау облысында анықталған болатын. Ол жақта денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жаманбаев сотталды", – деп атап көрсетті Ахметжанов.
Осы орайда агенттік басшысы коронавируспен күрес шараларына қатысып жатқан медицина қызметкерлеріне өтемақы төлеу жұмысын ерекше бақылауда ұстап отырғанын жеткізді. Осы салада жұмыс уақытын артық жазу және мекеме басшыларының өтемақы үшін пара алу фактілері әлі де бар. Мәселен, Алматы облысындағы Еңбекші қазақ аудандық аурухананың бас дәрігері және оның екі орынбасары қоластындағы қызметкерлеріне қосымша ақы төлегені үшін жүйелі түрде пара алған.