НҰР-СҰЛТАН, 8 шілде — Sputnik. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры "Отбасы банк" тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ-да ашылған қазақстандықтардың арнайы шоттарына 2021 жылдың 8 шілде айындағы жағдай бойынша 1,5 трлн теңгеден астам қаражат аударды.
Оның ішінде 176 млрд теңге 45 күннің ішінде пайдаланылмаған қаражат қайта қайтарылды.
205 659 қазақстандық enpf-otbasy.kz платформасы арқылы тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделу ақысын төлеу үшін жалпы сомасы 1,2 трлн теңгеге тең зейнетақы төлемдерін пайдаланды. Олардың үштен бірі – әйелдер (64 685) және үштен екісі - ер адамдар (140 974).
Біржолғы зейнетақы төлемдерін қолдану бойынша бірінші орында Маңғыстау облысының тұрғындары тұр (33 682 адам), олар жалпы сомасы 312 млрд теңге пайдаланған.
Екінші орында Нұр-Сұлтан қаласы (32 216 адам), елорда тұрғындары 197 млрд-қа жуық теңге қолданған.
Алматы қаласы – үшінші орында (27 396 адам), алматылықтар жалпы сомасы 213 млрд-қа жуық теңгені тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделу ақысын төлеуге жұмсаған.
Оқи отырыңыз: Зейнетақы жинағын пайдалану: салымшылар 173,7 млрд теңгені қайтарды
enpf-otbasy.kz платформасы арқылы тұрғын үй жағдайын жақсарту және емдеу үшін Маңғыстау облысының 40 пен 59 жас аралығындағы ер азаматтары жиі пайдаланған. Әйелдер арасында Нұр-Сұлтан қаласының 40 пен 59 жас аралығындағы қыз-келіншектері көш бастап тұр.
"Отбасы банкінде" ипотекалық тұрғын үй заемын алу үшін бастапқы жарна ретінде қолданған 9 359 қазақстандық, қайталама нарықтан тұрғын үй таңдаған.
Қалған 1 729 адам, алғашқы нарықтан тұрғын үй алуды жөн көрген (36 млрд теңгеден астам). 100-ден астам адам зейнетақы төлемдерін құрылыс, жөндеу және қайта қаржыландыруға жұмсаған (2 млрд теңгеден астам).
7 шілдедегі жағдай бойынша зейнетақы төлемдерін пайдалану мақсаттары төмендегідей:
- 37 428 клиент "Отбасы Банкіндегі" заем бойынша қарызын төледі (ішінара немесе толық);
- 27 646 клиент ипотекалық заем бойынша берешегін өтеді, оның ішінде ислам банкінің қаржыландыруын қоса алғанда (ішінара немесе толық);
- 109 830 клиент ипотекаға жүгінбей, тұрғын үй сатып алды (толық өтеу);
- 11 254 клиент тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша "Отбасы банкінен" ипотекалық тұрғын үй заемын алды;
- 5 591 клиент ипотекалық заем алу үшін бастапқы жарна төледі (оның ішінде ислам банкінің қаржыландыруы шеңберінде);
- 2 351 клиент сатып алу құқығымен жалға алу шарты бойынша берешегін өтеді;
- 302 клиент жеке тұрғын үй салу үшін (жер телімін сатып алуды қоса алғанда) пайдаланды;
- 11 257 клиент емделу ақысын төледі.