НҰР-СҰЛТАН, 8 шілде – Sputnik. Ақтөбе облысы әкімдігі білім басқармасының лауазымды тұлғалары жауапкершілікке тартылуы мүмкін, өйткені олар 7 жасар баланың ата-анасы шағым түсіргені туралы Балалардың құқығын қорғау комитетіне хабарламаған.
Баланың туыстары мектеп қабырғасында бірінші сынып оқушысы зорланып, соққыға жығылғанын мәлімдеген.
Сонымен қатар, комитет хабарлағандай, Ақтөбе облысының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті мектеп қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексерісті бастады.
"Егер ақпарат расталса, мектеп аумағында зорлық-зомбылыққа жол берген және оны елемегендерге шара қолданылады", - деп хабарлады комитет.
Қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп жатыр, тергеу мүддесіне сәйкес істің мән-жайы айтылмады.
Ақтөбе облысы әкімдігінің білім басқармасына балаға және оның отбасына психологиялық көмек көрсету тапсырылды.