НҰР-СҰЛТАН, 7 шілде – Sputnik. Медициналық ғылымдар кандидаты, дәрігер-диетолог Андрей Бобровский Sputnik радиосына берген сұхбатында аптап ыстықта шөлді немен қандырған дұрыс екенін айтты.
Ыстықта организм сұйықтықты әдеттегіден көп қажет етеді, сол себепті суды көп ішкен дұрыс. Жаздың ыстығында ең таптырмас сусын – кәдімгі ауыз су, деп санайды диетолог. Оның айтуынша, судың дәмін нәрлі ету үшін оған жеміс-жидек қосуға болады.
"Су құйылған стақанға немесе құмыраға апельсин, лимон немесе басқа жеміс түрлерін қоссаңыз, дәмі керемет болады. Жеміс дәмі пайда болады", - деді диетолог.
Газдалған су ішуге бола ма
Шөлді қандыру үшін тәтті газдалған сусындар, сондай-ақ шырындарды ішпеген абзал. Бұл сусындарда калория өте көп, оның үстіне қанша ішсең де, шөлді баспайды.
Тағы оқыңыз: Ғалымдар адам өмірін ұзартатын 3 сусынды атады
"Ыстықта тәтті калориялық газдалған сусындарды ішпеген дұрыс. Алайда, соңғы мәліметтерге сүйенсек, танымал өндірушілердің төмен калориялы газдалған сусындары артық салмақтың пайда болуына қатты әсер етпейді екен. Алайда тәтті газдалған сусындардың, калориясы өте аз болған күннің өзінде, шөлді қандырмайтын ерекшелігі бар. Көп ұзамай тағы ішкің келіп тұрады. Қаптамадағы шырын мен газдалған сусынның арасында еш айырмашылық жоқ: пайдасы өте аз, ал зияны, өкінішке қарай, бірдей", - деді Андрей Бобровский.
Сондай-ақ диетолог күн ыстықта шөлді басуға квас жақсы көмектесетінін айтты. Бірақ оның құрамында қант аз болуы керек.
"Құрамында қанты аз квасты таңдау қажет. Ол аса тәтті болмауы мүмкін, бірақ дене бітіміңіз үшін зиянсыз. Ал тәтті квастың калориялығы тым жоғары, шөлді баспайды", - деп ескертті маман.