НҰР-СҰЛТАН, 7 шілде – Sputnik. Алматыда өткен заңсыз митинг кезінде үш адам ұсталып, екеуі қамауға алынды. Бұл туралы Бостандық аудандық полиция басқармасының басшысы Думан Әухадиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Айта кетейік, митинг 6 шілде күнде ұйымдастырылды. Жергілікті билік тарапынан рұқсат берілген жоқ. Ал құқық қорғау органдары бірнеше рет ескерту жасаған болатын.
"Алайда жиналған адамдар мегафон және басқа да атрибуттарды қолданып, көшемен жүріп өтпек болды", - дейді Әухадиев.
Оның айтуынша, полиция шеруге қатысушыларды тоқтатқан. Сол кезде кейбір адамдар тәртіп сақшыларына қарсылық көрсетті.
"Олар полицияға бағынбай, түрлі зат лақтырды. Осылайша, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзды", - деп атап көрсетті басқарма басшысы.
Құқық қорғау органдарына қарсылық көрсеткен үш адам полицияға жеткізілді. Мамандырылған ауданаралық соттың шешімімен екеуі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы ("Ұсақ бұзақылық") бойынша кінәлі деп танылып, 10 күнге қамауға алынды. Заңсыз митингіге қатысқан тағы бір адам денсаулығына байланысты әкімшілік жауапкершіліктен босатылды.
Полицияда митингті ұйымдастыру себептерін атаған жоқ. Алайда кейбір мәліметтерге сәйкес, оны ресми түрде тіркелмеген қытай экспансиясы мен қазақтар геноцидіне қарсы демократиялық партия ұйымдастырды.