НҰР-СҰЛТАН, 6 шілде — Sputnik. Атырау облысында бірнеше жігіт пойызды тоқтатпақ болды.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарап жатыр. "Ақ Жайық" өңірлік порталының ақпаратына сәйкес, бұл жағдай 4 шілдеде Қызылқоға ауданы Сағыз станциясында болған.
Сағыз ауылдық округі желілік полиция бөлімінің басшысы Болатбек Іңірбайдың айтуынша, жастар осылайша әскерден келген достарын қарсы алған. Полицей бұған дейін де мұндай жағдай болғанын жеткізді. Алайда пойызды тоқтатуға тырысуы алғаш рет.
"Олар аудан орталығы мен ауылдардың тұрғыны. Пойыз станцияда тоқтамақ болған. Алайда жігіттер оның тоқтағанын күте алмады", -деді ол.
Оқиғаға қатысты Сағыз ауылының екі тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 18 және 19 жастағы бозбалалар вагонның баспалдағына шығып кеткен.
Олар 5 АЕК көлеміндегі, яғни 14 585 теңге айыппұл төлейді.