Қоғам

Назарбаев астананың ортасында қалып қойған коттедждер мәселесін көтерді 

© Sputnik / Владислав ВодневСтолица Казахстана - город Нур-Султан. Вид сверху
Столица Казахстана - город Нур-Султан. Вид сверху - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.07.2021
Жазылу
Қалада сәулетті ғимараттар көп болуы керек, әр әкім өзінің ізін қалдыруға тиіс, деп атап өтті Елбасы

НҰР-СҰЛТАН, 5 шілде – Sputnik. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елорданың ортасында қалаға лайықты ғимараттар болуы керек деп санайды.

"Көзім түскен жерді жөндеңдер деп айтып отырамын. Қала әкімімен жиі кездесемін. Дегенмен кейде дұрыс жасалмай жатқан кезде қынжыламын. Бұл қалада сәулетті ғимараттар көп болуы керек, әр әкім өзінің ізін қалдыруға тиіс. Ойдан шықпайтын мәселе, бір қабатты үйлер бұрын қаланың сыртында болатын, бүгінде ортасына кірігіп кетті. Әрине барлық жерде мұнаралы нысандардың болуы міндетті емес. Бірақ қаланың ортасында елордаға лайықты ғимараттар болуы керек", - деді Назарбаев  "Nur-Sultan. Қолтаңба" деректі фильмінде.

Биыл қалада тағы 3 миллион шаршы метр тұрғын үй салынады. Елбасы астананы газдандыру мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, келесі жылға дейін барлық жұмыс аяқталады.

"Бүгінге дейін оңтүстіктен мың шақырымнан астам газ құбыры тартылды. Газ астанаға ғана емес, Қарағандыға, Жезқазғанға, Петропавлға, Көкшетауға дейін барады. Қазір елордалықтарды газбен қамту үлесі 30 пайыз болса, келер жылы толық газбен қамтылады. Содан кейінгі негізгі мақсат – электр жүйесінде тұрған жылу және электр орталықтарын газға ауыстыру. Себебі кейінгі кездері қаланы түтін басып кететін болды. Мұны жою үшін қазандықтардың бәрін газ құбырына ауыстырамыз", - деп атап өтті Назарбаев.

Айта кетейік, "Nur-Sultan. Қолтаңба" деректі фильмі Астана күніне орай әзірленді. Елбасы астананың құрылу тарихына, шаһардың болашағына қатысты сұрақтарға жауап берді.

Жаңалықтар
0