НҰР-СҰЛТАН, 2 шілде — Sputnik. Британдық дәрігер, блогер Али Абдаал ұйқы сапасын жақсартып, күні бойы энергияға толы болудың құпиясын бөлісті, деп хабарлайды Esquire басылымы.
Абдаалдың айтуынша, кешке телефоннан бас тартқалы ұйқысы жақсарған.
"Бұл ұйқы сапасына керемет әсер етті. Енді гаджетті бөлменің басқа бұрышына қоямын", - деді ол.
Маман жарық түсірмейтін перденің де пайдасы зор деп отыр. Сондай-ақ, бөлмедегі температураны 19 градус шамасында сақтауға мән береді. Бұл көрсеткіш ұйқы үшін ең тиімді саналады.
Абдаалдың ойынша, түскі екіден кейін кофеден бас тартқан жөн.
"Кофеин қанда көп уақытқа дейін сақталады. Оның әсері білінбесе де, ұйықтауға кедергі болады", - деді ол.
Сарапшы қазіргі уақытта телефонның шылдырлайтын сағатын сөндіру оңай екеніне көз жеткізіп отыр. Сол себепті телефонның оятқышын қолданбайды.
"Оған, Сири, сағатты сөндір" деп айта салу жеткілікті. Ал бұрыннан бері қолданылатын сағаттарды бұл тәсілмен сөндіре алмайсың. Сондықтан оянуға тура келеді", - дейді ол.
Ол небәрі екі минутта қалың ұйқыға кету мүмкін екенін айтып отыр. Бұл үшін бет бұлшықеттерін босаңсыту керек. Кейін аяқ бұлшықеттеріне көшкен дұрыс.
"Егер бұл жағдайда да ұйықтай алмасам, қол, саусақ, шынтақ, иығымды босаңсытамын. Дем алуымды реттеймін", - деді сарапшы.
Бұған дейін гонконгтық диетолог Салли Ши-По Поон ұйқыны дұрыс тамақтану арқылы жақсартуға болатынын айтқан еді. Маман кешке бір-екі киви жеуге кеңес берді. Оның айтуынша, бұл жемісті ұйықтар алдында бір сағат бұрын жеу ұзақ ұйықтауға көмектеседі. Сондай-ақ, түнде ұйқы бұзылмайды.