ПЕТРОПАВЛ, 2 шілде - Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында өзенге құлаған немересін құтқарып қалған ер адам өзі көз жұмды, деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Бала дін-аман, ер адам ағынға төтеп бере алмай, батып кетті. Оқиға кеше Ғабит Мүсірепов ауданының Нежинка ауылы маңындағы Есіл өзенінде болған.
"Оқиға орнына дереу жеткен аудандық төтенше жағдайлар және полиция қызметкерлері тұрғындармен бірлесіп іздестіру жұмыстарын жүргізді. Іздеу жұмыстары түн батқанша жалғасып, жүзу құралдары да пайдаланылды. Алайда нәтиже бермеді. Іздеу жұмыстары бүгін таңертең қайта жанданды. Ер адамды Петропавлдан келген облыстық төтенше жағдайлар департаметінің жедел құтқару жасағының сүңгуірлер тобы іздестіруде",- деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Іздестіру жұмыстары қиын жағдайда өтуде. Өйткені өзен ағысы қатты, әрі терең. Бұл жұмысқа барлығы 10 адам жұмылдырылған.
1951 жылы туған ер адам Новоишимское ауылында такси қызметінде еңбек еткен. Оқиға болған күні ол Бірлік ауылына тапсырыс қабылдайды. Жолға 7 жасар немересін бірге алып шығады. Кері қайтып келе жатқанда Нежинка мен Бірлік ауылдарын жалғап тұрған көпір маңына тоқтайды. Бір кезде жағада тұрған немересінің суға құлағанын көріп, соңынан өзенге секіреді. Ер адам немересін құтқарып үлгерді. Алайда өзі өзен ағысына төтеп бере алмай, батып кетті.
Оқиға болған жерде суға түсуге тыйым салынған. 2 шілдедегі жағдай бойынша Солтүстік Қазақстан облысында 10 адам батып кеткен. Оның төртеуі суға түсу кезінде, қалғандары түрлі жағдайда көз жұмды. Қаза болғандардың үшеуі - балалар.
Оқи отырыңыз: Шығыс Қазақстанда демалып жүрген әйел мен қыз көз жұмды