НҰР-СҰЛТАН, 1 шілде – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "қашықтан жұмыс істеу туралы" заңға қол қойды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы президентінің ресми сайты.
Еңбек кодексіне "қашықтан жұмыс істеу" және "аралас қашықтан жұмыс істеу" сияқты ұғымдар енгізіледі.
"Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының еңбек кодексіне қашықтан жұмыс істеудің құқықтық реттелуін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының заңына қол қойды", - делінген хабарламада.
Естеріңізге салсақ, маусым айының соңында парламент қазақстандықтардың қашықтан жұмыс істеуін заңдастырды. Түзетулермен еңбек шартын жасамай қызметтік (лауазымдық) міндеттерді орындайтын қызметкерлерді (мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері) қашықтықтан жұмыс істеуге жіберу тәртібі оңтайландырылды.
Оқи отырыңыз: Қазақстандықтардың өмірін өзгертті: 2021 жылы қабылданған 5 маңызды заң
Сондай-ақ енді еңбек шартында қашықтан жұмыс істеу кезінде жұмыс уақыты бойынша ереже белгіленеді.