Қоғам

Қазақстанда түбегейлі жаңа институт - "кеңестер" пайда болады

© Sputnik / Абзал КалиевАкорда
Акорда - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.07.2021
Жазылу
Мемлекет басшысы жергілікті өзін-өзі басқарудың тиімді институтын құруды маңызды міндет ретінде атады

НҰР-СҰЛТАН, 1 шілде – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың мағыздылығы туралы атап өтті, деп хабарлайды "Ақорда".

"Жақын арада аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдар мен кенттердің және ауылдық округтердің әкімдерін сайлау науқаны өтеді. Бұл саяси жүйенің кемеліне келгенінің белгісі ғана емес, сондай-ақ, қоғамымыздың демократиялық даму жолына нық қадам басқанын білдіреді. Аталған трансформациялық өзгеріс аясында басқару деңгейлері: облыс, аудан, округ арасындағы өкілеттілік пен жауапкершіліктің ара-жігін нақты айқындау – мемлекеттік аппараттың басты міндеттерінің бірі. Жергілікті өзін-өзі басқаруды тиімді жүзеге асыруға кедергі келтіретін барлық қайшылықтар мен олқылықтар реттелуі қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, ауыл әкімдеріне зор өкілеттілік бере отырып, оларды қажетті ресурстармен жеткілікті дәрежеде қамтамасыз етудің стратегиялық маңызы бар. Осыған байланысты үкімет қаржыны бюджетаралық бөлу мәселесін қайта қарауы керек.

Оқи отырыңыз: Тоқаев бөлінген қаржыны қалтасына басып қалуға тырысатын "әккі аңшылар" туралы айтты

Мемлекет басшысы жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа органына – кеңеске жүктелетін міндеттерге арнайы тоқталды.

"Кеңес – бұл түбегейлі жаңа институт. Ол шешім қабылдау және бақылау сияқты нақты ықпал ету тетіктеріне ие болуы тиіс. Жергілікті өзін-өзі басқару органына кейбір жергілікті салықтар бойынша бекітілген мөлшерлеме аясының шегінде түзету енгізу құқығын беру маңызды жаңалық болмақ. Бұл ретте дәл осы кеңес ауылдағы нақты әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты шешім қабылдайды. Яғни, бизнес өкілдерін тарту үшін фискальді кірістің барынша көп болғаны қажет пе әлде салықтың мейлінше төмен болғаны керек пе оны кеңес өзі айқындайды. Аталған құжатты дайындау және кең ауқымда талқылау үшін жүргізілген жұмыстарды ескере отырып, жалпы оны қолдау керек деп ойлаймын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Талқылау қорытындысы бойынша үкіметке жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекітуге енгізу тапсырылды. 

Жаңалықтар
0