НҰР-СҰЛТАН, 1 шілде – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев "Астана" халықаралық қаржы орталығы биржасына мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару туралы ұсынысты қолдады.
"Бұл бастама қазір жұмыс істеп жатқан инвесторды қазақстандық бір алаңнан екінші алаңға жәй ауыстыру болмауға тиіс. Керісінше "қосымша құн" қалыптасуы керек. Орталықтың міндеті – мемлекеттік қағаздарды орналастыру үшін барынша тиімді жағдай жасалуын қамтамасыз ету", – деді президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев АХҚО-ның лицензиясына ие компаниялардың еліміздегі бүкіл қаржы нарығына қол жетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі ұсынысты қолдады. Оның пікірінше, қаржы жүйесінің тұрақтылығына төнетін қауіп-қатерлерді талдап, баға беру керек.
"Бәсекелес реттеуші режимдер проблемасының және бірыңғай реттеушінің, яғни жауапты мемлекеттік органның болмауы мәселесінің алдын алған жөн. Қаржылық, фискальдық және валюталық заңнамада шикілік болмауға тиіс. Әйтпесе, сол арқылы бақылауға алынбаған капиталдың елімізден жылыстатылуы мүмкін", – деді президент.
Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Астана" халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысын өткізді. Отырысты қорытындылай келе, "Астана" халықаралық қаржы орталығының 2020 жылы атқарған жұмыстарының есебін бекітіп, үкіметке, ұлттық банкке және басқа да мүдделі органдарға үш ай мерзім ішінде айтылған бастамалар бойынша келісілген ұсыныстар енгізуді тапсырды.
АХҚО-ның дағдарыстан кейінгі қайта қалпына келтіру кезеңіндегі маңызды рөліне тоқталған Қасым-Жомарт Тоқаев, аталған алаңның барлық әлеуетін пайдалану қажеттігін атап өтті. Бұл орталық, ұлттық банк, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арасындағы жүйелі әрі үйлесімді іс-қимылдарды жолға қоюды қажет етеді.
Оқи отырыңыз: Төл теңгеге 27 жыл: Қазақстанның ұлттық валютасы қандай ерекшеліктерге ие
"Тек бірлескен күш-жігер ғана алға қойған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл Қазақстанның одан әрі дамуы үшін аса маңызды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, АХҚО Орталық Азия аймағындағы жетекші қаржы орталығына айналған.
"Біздің ортақ міндетіміз – орталықтың әлеуетін толық пайдаланып, оның аймақтық және жаһандық деңгейдегі ауқымын кеңейте түсу", – деді мемлекет басшысы.