НҰР-СҰЛТАН, 1 шілде – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Астана" халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысын өткізді, деп хабарлайды президенттің ресми сайты.
Жиын барысында "Астана" халықаралық қаржы орталығының 2020 жылы атқарған жұмыстары қорытындыланды, сондай-ақ, оны әрі қарай дамыту жөніндегі ұсыныстар қарастырылды.
Іс-шараға қатысушылардың баяндамасын тыңдаған Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы орталығын одан әрі дамытудың бірқатар өзекті міндеттерін белгілеп берді.
Атап айтқанда президент АХҚО биржасындағы компанияларды тиімді жекешелендірудің маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар бұған дейін қабылданған жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына назар аударды. Онда 600-ге жуық мемлекеттік активті бәсекелестік ортаға салудың мерзімі мен жолдары айқындалған.
"Қаржы орталығын дамыту барысында бірқатар ірі компанияны, атап айтқанда, "Қазмұнайгазды", мүмкін "Қазтрансгазды" да IPO-ға шығарудың маңызы зор. "Самұрық-Қазына" қорына қарасты ірі компаниялар IPO-ға шығаруда басымдыққа ие екені сөзсіз. Отандық қор алаңдарының әлеуетін барынша пайдалана отырып, "Халықтық IPO" өткізуді қолдаймын", – деді мемлекет басшысы.
Жиын барысында стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы, АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов, Қазақстан Президентінің экономикалық даму жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, реформалар жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Сэр Сума Чакрабарти, Ислам даму банкі тобының президенті Бандар Хаджар, Citigroup банкінің үкіметтер мен мемлекеттік секторы жаһандық блогының басшысы Джули Монако, G30 тобы Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Джейкоб Френкель және АХҚО-ның бірқатар институтының жетекшілері баяндама жасады.