Денсаулық

Экстракорпоральды ұрықтандыру: жүктілік кезеңдері мен ерекшелігі

Жазылу
Бала босану – аса маңызды мәселе және бала көтеруде бірқатар қиындыққа тап болған ата-аналар жүктілікке үлкен алаңдаушылықпен қарайды. ЭКҰ-дан кейінгі жүктілік үлкен жауапкершілікті қажет етеді

ЭКҰ-дан кейінгі жүктілік кезеңдері

Жасанды ұрықтандырудан кейінгі жүктілік те қалыпты ұрықтанудан кейінгідей жүреді. Жүктілік үш кезең – триместрлерді қамтиды. Соңғы триместр бала босанумен аяқталады.

Бірінші триместрде сәбидің негізгі органдарының қалыптасу процесі жүреді және УДЗ-да баланың жүрек қағысын естуге болады. Болашақ анада қан аралас бөліністер болуы мүмкін. Бұл көп жағдайда қалыпты саналғанмен, кейде патологиялық процестің нышаны болуы ықтимал. Осы кезең ең қауіпті саналады. Себебі дәл осы шақта әйел ағзасы қандай да бір ауытқу салдарынан ұрықты қабылдамай қоюы мүмкін. Сондықтан мейлінше ерте дәрігердің бақылауында болған дұрыс.

Екінші триместрде ұрықтың пішіні қалыптаса бастайды. Бұл кезеңде дәрігер бірқатар тексеру мен талдау тағайындауы мүмкін. Ол жатырдағы ұрықтың ахуалын анықтау және күрделі патологияның жоқ екеніне көз жеткізу үшін қажет. Сәби дамуында күрделі ауытқулар анықталған немесе әйелдің өміріне қауіп төнген жағдайда медициналық белгілер бойынша жүктілікті тоқтату туралы шешім қабылдануы мүмкін.

Жүктілік аяқталатын кезде тағы бір жаңа қауіп туындайды: ана мен бала арасындағы қорек заттар мен оттегі алмасу процесі жүретін плацентаның ерте ажырауы. Бұл сәбиде оттегі жетіспеушілігі – гипоксия тудыруы мүмкін. Дәрігерлер бала жағдайын жіті бақылауда ұстап, гипоксияның сәби миына қатерлі ықпал етуіне жол бермеуге тырысады. Сонымен қатар босану мерзімі жетпей тұрып жатырдың жиырылуы болуы мүмкін. Бұл науқасты шұғыл түрде перзентханаға жатқызып, мамандардың бақылауында ұстаудың бұлтартпас себебі болады.

Тексерулер мен анализдер

Экстракорпоральды ұрықтандыру процедурасының алдында әйелдер де, еркектер де жіті тексеруден өтіп, көптеген талдау тапсырады. Жүктілік расталған жағдайда да тексерулер тоқтатылмайды. Лабораториялық тексерулердің басым бөлігі жүктілік туындағаннан аз уақыт бұрын тапсырылған болса да қайта тапсырылады. Бұл жүктіліктің жүруін бақылауда ұстап, оқыс жағдайлардың алдын алу үшін қажет.

Кейде ЭКҰ алдында жатырға орналастырғанға дейін эмбриондардың сапасын тексеру үшін имплантацияалды генетикалық диагностика жүргізіледі.

Кез келген жүкті әйел көп анализ тапсырып, міндетті тексеруден өтеді. Жүктіліктің бүкіл мерзімінде ол бір талдауды бірнеше рет тапсырады: қан мен несеп талдауы, қынап флорасындағы жұғынды және тағы басқа. Сондай-ақ денсаулығын тексеру үшін басқа да мамандардың тексеруінен өтеді. ЭКҰ әдісіне жүгінуге мәжбүр еткен себептер қосымша тексерулерді қажет етуі мүмкін. Қан жүйесін ұйытатын зерттеу – коагулограммаға үлкен мән беріледі. ЭКҰ-ға дайындық кезеңінде әйелдер көп көлемде гормоналды препарат қабылдайтындықтан бұл талдаудың маңызы зор. Себебі гормоналды дәрілер қанның ұйып қалу қаупін төндіреді.

ЭКҰ шарасынан кейін ХГЧ – эмбрион жатырға сәтті орналасқан кезде концентрациясы артатын гормонға талдау жүргізіледі. Бұл талдау ЭКҰ процедурасынан кейін екі апта өткен соң жүктілік фактісін нақтылау үшін жүргізіледі.

Үш-төрт апта өткеннен кейін УДЗ кезінде жатырда орналасқан эмбриондар санын анықтап, жатырдан тыс жүктілік фактісі жоққа шығарылады. Одан кейін жүктілік дұрыс дамып жатқанына көз жеткізу үшін тағы бірқатар тексеру жүргізіледі.

Жүктіліктің 12 аптасына қарай бала дамуын бағалау, генетикалық аурулардың қаупін анықтау үшін алғашқы скрининг жүргізіледі. Оның қатарында қан құрамындағы РАРР-А ақуыздарын анықтау мен ХГЧ, ұрыққа ультрадыбыстық зерттеу жүргізу бар.

Жүктілік мерзімі 20 аптаға жеткен кезде екінші скрининг жоспарланады. Бұл кезде бала дамуындағы ауытқудың жоқ екеніне көз жеткізуге арналған ультрадыбыстық зерттеу ғана жүргізіледі.

Жүктіліктің 30 аптасында допплерометрия арқылы ұрықтың қан тамырлары мен плацентадағы қан айналамы тексеріледі. Сонымен қатар кардиотокография мен УДЗ әдісінің көмегімен эмбрион жүрегіне тексеру жүргізіледі.

37 аптадан кейінгі жүктілік мерзімі аяқталар шаққа қарай жоспарлы түрде өздігінен босану немесе кесарь отасын жасау үшін әйелді ауруханаға жатқызады.

ЭКҰ-дан кейінгі жүктілік ерекшеліктері

Жүктілік табиғи жолмен немесе экстракорпоральды ұрықтандыру нәтижесінде туындағанына қарамастан, бала екі жағдайда да бірдей өсіп дамиды.

Бірақ өкінішке қарай жасанды ұрықтандыру нәтижесінде пайда болған жүктіліктің қаупі жоғары болады. Оның басты себебінің бірі – жасы егде тартқан, сәтсіз аяқталған жүктілік немесе түрлі ауру-сырқау салдарынан әбден әлсізденген әйел ағзасы. Себебі ЭКҰ әдісіне көп жағдайда әйел адамның денсаулығында күрделі патология болғанда ғана жүгінеді. Егер негізгі кінәрат ер адамның денсаулығында болса, онда қауіп те төмен болады.

Сонымен қатар ЭКҰ-дан кейін көпұрықты жүктілік туындауы мүкін. Себебі бұл шара кезінде процедураның сәтті болу ықтималдылығын арттыру мақсатында жатырға бірнеше эмбрион орналастырылады. Егер УДЗ кезінде эмбриондар саны көп екені анықталса, әйел ағзасына шамадан тыс жүктеме түсуі мүмкін. Себебі көпұрықты жүктілік кезінде сәбилердің біріне қоректендіруші заттар мен оттегі жетіспеуі мүмкін.

Дәрігер бақылауында болу неге маңызды

Жүкті әйел үшін баланың дамуын өз бетінше бағалау өте күрделі. Әсіресе жатырдағы бала қимылын сезінгенге дейін бұл мүмкін де емес. Сондықтан жүктілік дұрыс жүріп жатыр ма, жатырдың жиырылуы болып жатқан жоқ па деген секілді сұрақтарға тек дәрігер ғана тиісті деңгейде жауап бере алады. ЭКҰ шарасынан кейін жүкті әйелді жіті бақылауда ұстау мерзімінен бұрын босану қаупін төмендетеді.

Сонымен қатар дәрігердің тексеруінде жиі болу ұрықтың жатырда дұрыс орналаспау, сәби дамуындағы ауытқуды уақыты анықтап, процедурадан кейінгі инфекцияны түсуін болдырмауға ықпал етеді.

Қажет болған жағдайда жүктілік дұрыс жүруі үшін гормоналды препараттар тағайындалуы мүмкін. Көпұрықты жүктілік анықталған жағдайда дәрігерлер бірнеше сәбиді дүниеге алып келу үшін арнайы шаралар қабылдайды.

ЭКҰ-дан кейінгі жүктіліктің қаупі

ЭКҰ-дан кейінгі негізгі қауіп – ұрықтың жатырға орналаспауы, мерзімінен бұрын босану. ЭКҰ процедурасынан кейінгі сәтсіздіктерге бірнеше фактор себеп болуы мүмкін. Әйелдің жасы, денсаулығындағы патология, процедура алдындағы гормондардың әсері, иммунитеттің төмендеуі және психологиялық күйзеліс те жүктіліктің өздігінен үзілуіне алып келуі мүмкін.

ЭКҰ кезінде көпұрықты жүктілік туындап, ол әйел ағзасына түсетін жүктемені арттыруы мүмкін. Соның салдарынан қоректендіруші заттар барлық эмбрионға бірдей жете бермеуі ықтимал. 

Жаңалықтар
0