НҰР-СҰЛТАН, 30 маусым – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі Telegram арқылы тараған ақпаратты жоққа шығарды. Онда вакцина салдырған адамдардың ауруханаға көптеп түсіп жатқаны жайында айтылады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Stopfake.kz сайтына сілтеме жасап.
"Міне, екпе деп осыны айт. Менің кіндік апам ковидтік госпитальде жұмы істейді. Қазіргі кезде ауыр, орташа ауыр жағдайда және өлім аузында жатқандар – 100 процент вакцина салдырғандар. Медицина мамандары науқастардан екпе салдырғанын я салдырмағанын сұрай бастады", - делінген Telegram арналарының бірінде тараған ақпаратта.
Денсаулық сақтау министрлігі ол мәліметтің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Бірақ вакцина салдырғандар арасында COVID-19 жұқтыру жағдайларының бар екенін растады.
"Олардың саны өте аз. Осы уақытқа дейін Қазақстанда вакцина алған 3 246 795 адамның 0,05%-ы COVID-19-мен ауырған. Сосын індетті жұқтыру жағдайларының басым бөлігі препараттың тек бір ғана дозасын алуға үлгергендер арасында ғана тіркелген. Себебі КВИ-ге қарсы иммунитет әлі толық қалыптаспаған", - дейді министрлік мамандары.
Айта кетейік, бұған дейін вакцина салдырған адамдар арасында КВИ жұқтыру жағдайлары шетелде тіркелген. Мысалы, АҚШ-та ауруларды бақылау және алдын алу орталығының деректері бойынша биылғы жылдың 21 маусымында вакцина алған адамдар арасында індетті жұқтырудың 4 115 жағдайы тіркелген. Бұл сол кезде егілген адамдардың жалпы санының 0,002% құрайды.
Оқи отырыңыз: "Антиденелер көмектеспейді": Алмаз Шарман коронавирустан қорғанудың жолын атады
Бұл көрсеткіштер вакциналардың тиімділігіне қатысты ақпаратқа сәйкес келеді. Мәселен, Pfizer/BioNTech препараты - 91%, Moderna – 94%, AstraZeneca – 74%, Спутник V – 92%, ал Синофарм шығарған вакцинаның (Hayat-Vax) тиімділігі 73% болып тұр.