Экономика

Ноғаев АЭС салуға қатысты соңғы шешім қалай қабылданатынын түсіндірді 

© Sputnik / Владислав ВодневМинистр энергетики Нурлан Ногаев
Министр энергетики Нурлан Ногаев  - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.06.2021
Жазылу
Министр қоғамдық пікірді зерттеу үшін сауалнама, семинар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылатынын мәлімдеді

НҰР-СҰЛТАН, 30 маусым – Sputnik. Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салуға қатысты шешім әлі қабылданған жоқ. Бұл туралы энергетика министрі Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қазіргі кезде энергетика министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, қоғамдық пікірді зерттеу мәселесін пысықтап жатыр. Сондай-ақ АЭС салынған жағдайда оның қоршаған ортаға тигізетін әсері де зерделенеді.  

"Шешім әлі қабылданған жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы жұмысты тездетуге де, тым кейінге шегеруге де болмайтынын айтты. Сол себепті біз қоғамдық пікірді ескере отырып, барлық ықтимал қауіп-қатерлерді қарастыруымыз қажет. Пайдасы қандай? Халық неге алаңдайды? Осының бәрін ескеруіміз керек. Әзірше ешқандай шешім жоқ", - деді Ноғаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Осы орайда министр қоғамдық пікірді зерттеу тәсілдері жайында айтты. Ол үшін сауалнама, семинар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады.

"Біз үшін әрбір қазақстандықтың пікірі маңызды. Қоғам белсенділері мен блогерлер осы жұмысқа атсалысады деп ойлаймын. Біз түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз қажет. Қоғамның осы мәселеге қатысты "температурасын" біліп алғанымыз жөн", - деп атап өтті Ноғаев.

Министрдің айтуынша, АЭС салуға екі жер қарастырылып отыр. Олар – Алматы облысындағы Үлкен кенті және Шығыс Қазақстан облысында Курчатов қаласы (бұрынғы Семей ядролық полигоны). Соның біреуінде жаңа нысан салынады.  

"Биыл біз Семей ядролық полигонының жерін толығымен зерттеуді аяқтап жатырмыз. Осы уақытқа дейін барлық аумақтың 80 проценті зерттелді. Жыл соңына дейін тиісті жұмысты аяқтаймыз да, қай жерді шаруашылыққа, қай жерде басқа мақсаттарға беруге болатынын анықтаймыз", - деді Ноғаев.

Жаңалықтар
0