НҰР-СҰЛТАН, 30 маусым – Sputnik. Қазақстанда салық берешегінің шекті сомасы бекітілді. Бұдан былай қарызы сол сомадан төмен салық төлеушілердің шоттары бұғатталмайды, деп хабарлады Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі.
Министрліктің мәліметіне сүйенсек, 24 маусымда президент Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заңға қол қойды.
"Заңда салық төлеушілердің қызметіне оң әсер ететін әкімшілендірудің нормалары қабылданды. Осының негізінде салық берешегінің шекті мөлшері 6 айлық есептік көрсеткіш немесе 17 502 теңге болып бекітілді. Берешек одан төмен болған жағдайда шоттарды бұғаттауға тыйым салынды. Бұған дейін аз мөлшердегі салық берешегі үшін шоттар бұғатталып, тіпті бизнес субъектілерінің жұмысы тоқтатылған еді", - деп хабарлады министрліктегілер.
Заң пандемия салдарынан туындаған шектеу шаралары кезінде бизнесті қолдауға және іскерлік белсенділікті ынталандыруға бағытталған өзгерістерді қамтиды.
Жаңашылдықтар қатарында мобильдік қосымшаны пайдалану арқылы арнайы салық режимін енгізу шарасы бар. Қосымша салық төлеушінің қызметін тіркеуді, тоқтатуды және салық міндеттемелерін орындауды жеңілдетеді.
Сонымен қатар заңда жаңадан тіркелген кәсіпорындар үшін өз өнімдерін өткізу кезінде қосылған құн салығын 70%-ға төмендету сияқты салықтық жеңілдіктер көзделген. Бұл жеңілдік заңды тұлға тіркелген сәттен бастап екі жыл бойы қолданылады. Сонымен қатар өндеу өнеркәсібіндегі шағын бизнес субъектілері кірісті жаңа негізгі қорларға қайта инвестициялаған жағдайда корпоративтік табыс салығынан босатылады. Осылайша өңдеу өнеркәсібіндегі инвестициялық климатты жақсартуға мүмкіндік туады.
Банктер салық төлеуші қарызды төлегеннен кейін шотты бірден аша алады. Министрліктегілер салық берешегі өтелген жағдайда шоттарды жылдам ашу бизнес субъектілерінің уақытын үнемдейді деген сенімде.
2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап пандемиядан ең көп зардап шеккен 114 қызмет түрі үшін арнайы салық режимі енгізілді. Қоғамдық тамақтану саласы үшін салықтық режим 2023 жылдан 2025 жылға дейін ұзартылады. Салық ставкасы 6% мөлшерінде бекітілді. Бұл режимнің басты ерекшелігі - қосылған құн салығы пен әлеуметтік салық төленбейді.
Пандемия салдарынан туындаған шектеу шараларына байланысты 2019 және 2020 жыл үшін резидент сертификатын ұсыну мерзімі 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды.
"Бұл шара шектеу шаралары кезінде қосарланған салық салуды болдырмау үшін жасалып отыр. Өйткені шетелде карантиннің енгізілуіне байланысты құжаттарды ұсынуда қиындықтар туындады", - дейді министрліктегілер.
Ведомстводағылар Салық кодексіне енгізілген өзгерістер дер кезінде жасалған қадам және бизнес субъектілерінің айналым қаражатын ұлғайтуға, салық міндеттемелерін орындауды жеңілдетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.