НҰР-СҰЛТАН, 30 маусым – Sputnik. Ақтөбелік археологтар қала маңынан құнды жәдігерлер тапты, деп хабарлайды "Хабар 24" телеарнасы.
Арасында қасқыр мен құстың бейнесінде жасалған алтын мен қоладан құйылған әшекей бұйымдар бар.
Мамандар бұл заттар ежелгі сармат дәуірінде қолданылғанын айтады. Бұл бірегей жәдігерлер Ақтөбеге жақын орналасқан Қурайлы елді мекенінің маңындағы бір ежелгі қорымнан табылды. Археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізген мамандардың айтуынша, барлығы да біздің заманымызға дейінгі 5-6 ғасырларда қолданылған. Ең көлемді және құндысы темірден құйылған бір метрге жуық қылыш пен қанжар және қоладан жасалған әртүрлі пішіндегі ат әбзелдерінің әшекей бұйымдары мен садақ жебелері. Ал сырға мен алқа моншағы және шашбаудың алтыннан екені анықталып отыр.
"Бұл бұйымдарға қарап, сол дәуірдегі мәдениетті, дүниетанымды байқауға болады. Әсіресе металл кен орнын анықтап, оны балқыту арқылы түрлі заттар жасалғанын көреміз. Оның ішінде темір мен мыс, алтынды қолдану жолы және зергерлік өнердің қалыптасқанын білуге болады", - облыстық тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері Аслан Мамедов.
Қорымды зерттеу жұмысы бір айға созылған. Себебі оның көлемін анықтау өте күрделі түрде өтіпті. Нәтижесінде қабір ішінен 9, ал айналасынан тағы бірнеше жерлеу орыны анықталған. Зерттеушілер мұнда сармат дәуірінің жауынгерлері мен төрелері жатуы мүмкін деп топшылайды. Себебі елдің батысындағы Елек пен Жайық өзендерінің төңірегін ежелгі темір дәуірінде сол тайпаның мекен еткені және өзіндік мәдениеті қалыптасқаны тарихтан белгілі. Ал табылған құнды заттардың жалпы саны шамамен жүзден асады.
"Жазба деректерден біз енді қазір анықтап отырмыз Сармат тайпалары осы өңірді біздің заманымызға дейінгі 6-ғасырдың ортасында игерді. Әрбір адамның қасында 4-5 ке дейін заты бар. Себебі бір жауынгердің қорамсабында 100-ге дейін жебенің ұштары сақталады. Қазір біз оны енді лабораториялық жағдайда зерттеп, анықтап, тазартып, нақты инвентарлық номерін қойып, санын анықтаймыз", - деді облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғали.
Оқи отырыңыз: Батыс Қазақстанда сармат жауынгерлерінің сүйегі табылды
Бірегей жәдігерлер анықталған қорым айналасында тағы да бес қорған бар. Оларды зерттеу келесі жылы жүргізіледі. Ал табылған заттар зертханалық өңдеуден өткен соң мұражай қорына тапсырылады.