НҰР-СҰЛТАН, 29 маусым – Sputnik. Түркістан облысында осыдан үш ай бұрын із-түзсіз кеткен жасөспірім табылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайрам ауданының полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданып, 11 сыныпта оқитын кәмелетке толмаған ұлы жоғалып кеткенін айтты. Жақындарымен сөзге келген бала үйінен кетіп, сол күйі оралмаған. Ұялы телефоны да өшірулі болған.
Тәртіп сақшылары бірден оқушыны іздеуге кірісті. Куәгерлерден сұрастырып, елді мекен маңын сүзіп шықты. Сондай-ақ жоғалған жасөспірімнің таныстары мен достарын анықтады.
Іздеу жұмыстары нәтижесінде мектеп оқушысы үш айдан кейін аман-есен табылды. Ол Шымкентте жұмыс істеп жүрген.
Тағы оқыңыз: Он бір жыл бұрын жоғалған қыз көрші үйден табылды
Полицейлер кәмелетке толмаған баланы үйіне жеткізіп, ата-анасына тапсырды.
Жасөспірімнің отбасы ұлын табуға көмектескен Сайрам ауданы полиция басқармасының қызметкерлеріне алғыс айтты.