Опера – таңдаулы адамдарға арналған өнер ме? Әлібек Дінішевпен сұхбат

Алибек Днишев  - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.06.2021
Жазылу
Yandex newsTelegram
ҚазКСР және КСРО халық әртісі, танымал тенор Әлібек Дінішев Sputnik Қазақстанға берген эксклюзивті сұхбатында сүйікті әншілері мен операдағы партиясы туралы, алматылық көрермендер және не себепті нашар операны тыңдауға болмайтыны жөнінде айтып берді

НҰР-СҰЛТАН, 29 маусым — Sputnik. Танымал әнші Әлібек Дінішевтің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында Sputnik Қазақстан тілшісі әртіспен сұхбаттасып, опера расында да тек таңдаулы адамдарға арналған өнер ме, театр әртістері сахнаға шығар алдында қандай да бір ырымды ұстана ма деген сынды сұрақтарға жауап алды.

- Әлібек Мұсаұлы, кейбір деректе сізді 30 шілдеде, кей мәліметте 7 шілдеде туған деп көрсетілген. Мұның себебі неде?

- Себебі ол ақпарат көздері деректі қайдан алатыны белгісіз. Мен 30 шілдеде, жексенбі күні дүниеге келгенмін. Анам ол күні найзағай ойнағанымен, Алматыда күн жылы болғанын айтып отыратын.

- Операда сүйікті партияларыңыз бар ма? Өзіңіз сомдайтын кейіпкерлерге сіздің мінезіңіз сәйкес келе ме?

- Толық сәйкес келеді. Себебі мен ешқашан өзіме ұнамайтын операны орындаған емеспін. Сүйікті кейіпкерлерім ретінде Владимир Ленский (Пушкиннің "Евгений Онегин" атты туындысының желісі бойынша Чайковскийдің "Евгений Онегин" операсы - Sputnik), Альфредо (Джузеппе Верденің "Травиата" операсы - Sputnik), Владимир Игоревич (Александр Бородинның "Князь Игорь" операсы - Sputnik). Бұл адамдар жаратылысы мен болмысы жағынан маған қатты ұқсайды. Мен де өте ашық адаммын. Ленский мен Альфредо да дәл сондай кейіпкер. Маған әркез сахнада да, өмірде де өзімді сомдау оңай.

- Сүйікті композиторыңыз бар ма? Операдағы пір тұтатын әртісіңіз ше?

- Чайковский ғажап, Рахманинов та. Оның көп романсы менің репертуарымда бар. Әншіден - Альфредо Краус, Канар аралдарынан шыққан мінсіз испан теноры. Мен Канар аралдарында болғанымда Краус музейін іздедім. Еш жерде жоқ. Жағалауда мүсіні тұр, бірақ музей жоқ. Мен жақын маңайдағы бір музейге кірдім де, ондағы қызметкерден "Мұнда неге Краус музейі жоқ? Оны қайдан тапсам болады?" деп сұрадым. Ал ол "Сіз Краус туып-өскен музейде тұрсыз" деп жауап берді. Маған есік жақты нұсқап, "осы есіктің арғы жағында ол дүниеге келген. Оның әкесі музей директоры болған. Үйде жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан олар музейде тұрған" дегенді айтты. Мен қатты қуандым.

- Опера тек таңдаулы адамдарға арналған өнер дегенмен келісесіз бе?

- Менің ойымша, опера – бұл ең демократиялық өнер түрі. Себебі бұл симфониялық және әлем музыкасы, театрдың синтезі. Ол тектен-тек пайда болған жоқ. Опера театрына келген адам көңілі қалағанды табуы үшін құрылған. Опера – адам баласының музыкадағы ең керемет туындысы. Нашар опера мен оны нашар орындаудан кейін адамның опера театрына барудан беті қайтып қалуы мүмкін. Үнемі нашар операны тыңдасаң, бұл жанр құрдымға кетіп бара жатқандай сезіледі. Алайда спектакльге келіп, үлкен мүмкіндіктерді көрген кезде операның тірі екеніне және әлі де өмір сүретініне көзің жетеді.

- Сахнаға шығар алдында қандай да бір ырым-жоралғыны ұстанасыз ба?

- Әр адамның өз оғаш әрі түсініксіз қылықтары болады емес пе. Бізде бір әнші болған. Ол операны орындаған кезде, көмекшілері сахна сыртында үнемі айна ұстап тұратын. Бірақ ол ырым оның жақсы немесе нашар орындауына әсер еткен жоқ. Менде мұндай сенім жоқ. Маған ол қажет емес болатын. Бұл бірдеңеден қорқатын, ішінде үрейі бар адам үшін қажет болар. Сонда ол өзін сенімді сезінетін шығар. Әйтпесе оның еш әсері жоқ.

- Сіз Еуропаның үлкен залдары мен Мәскеудегі Үлкен театрда өнер көрсеттіңіз. Солармен салыстырғанда біздің театр мен әртістердің деңгейі қандай?

- Біздің көрермендеріміз тамаша, әсіресе Алматыда. Ән орындау өте қиын қалалар бар. Ондағы көрерменнің көңілінен шығу қиын. Сол сияқты өте риза көрермен бар. Алматыдағылар дәл сондай. Олардың бойындағы бұл қасиет бір кездері біздің театрда ән орындаған, сахнада өнер көрсеткен адамдардың арқасында қалыптасты. Менің ойымша, біз басқа әншілерден еш кем түспейміз.

Тек бір айтарым, басқа театрлардың, басқа мектептердің орындаушыларымен көбірек байланыс болса деймін. Біз Алматыда оқшауланып қалған секілдіміз, батыс – алыс, шығыс – алыс. Солтүстікке барудың қажеті жоқ. Қазіргі заманғы өнер саласында адамдардың басқа театрларға барып, өнер көрсетуі үшін, басқа әнші және музыканттармен байланыс орнатуы үшін мүмкіндік көп. Бұл шығармашылық дамуға ықпал ететін еді.

Жаңалықтар
0