Әлем

Коронавирус қайдан шықты – Ухань зертханасында істеген вирусолог болжам жасады

© AP Photo / Achmad IbrahimЛюди в защитных масках в очереди в аэропорту
Люди в защитных масках в очереди в аэропорту - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.06.2021
Жазылу
Ухань зертханасының бұрынғы қызметкері Даниэль Андерсон коронавирус табиғи жолмен пайда болды деп санайды

НҰР-СҰЛТАН, 29 маусым – Sputnik. Уханьдағы вирусология институтында пандемияға дейін жұмыс істеген австралиялық вирусолог Даниэль Андерсон коронавирустың шығуына қатысты өз ойын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Bloomberg сайтына сілтеме жасап. 

42 жастағы маман Ухань зертханасында шетелден келген жалғыз ғалым болды. Сол жерде 2019 жылдың аяғына дейін қытайлық зерттеушілермен бірге жұмыс істеген. Олар күнде Қытай ғылым академиясының алдында жиналып, 32 шақырым шалғай жерде орналасқан зертханаға барып жүріпті.

"Біз түскі және кешкі асты бірге іштік, зертханадан тыс жерде араласып тұрдық", - дейді Андерсон.  

Оның айтуынша, зертхананың биологиялық бақылау деңгейі өте жоғары болған. Соны көргенде таңғалыпты. Бункер үлгісінде салынған бетон ғимаратта ауаны, суды және қалдықтарды сүзгіден өткізіп, залалсыздандырып отырған. Ал зертханада жеке-дара жұмыс істеу үшін әрбір ғалым 45 сағаттық дайындықтан өткен. Сөйтіп арнайы куәлік алғаннан кейін ғана өздігімен жұмыс істеуге рұқсат берілген. Әрбір ғалым арнайы скафандр киеді. Соның ішінде орнатылған гарнитура арқылы басқару орталығымен сөйлесуге мүмкіндік болған.

"Осы нысанға кіру және шығу шаралары мұқият жоспарланып отырды. Әсіресе шығу қиын болатын. Себебі алдымен химиялық душ қабылдау қажет. Одан кейін кәдімгідей душ қабылдайсың. Соның бәрін уақытында істеу керек", - деп атап өтті Андерсон.

Бұған дейін The Wall Street Journal 2019 жылдың соңында Уханьдағы зертхананың үш қызметкері тұмауға ұқсас белгілермен ауруханаға жатқызылғаны туралы ақпарат таратқан. Алайда Андерсон танитын ғалымдардың арасында ешкім ауруханаға түспеген. Оған қоса Уханьдағы зертхана сияқты нысандарда тиісті патогендерге тән симптомдар жайында хабар беру жүйесі қарастырылған.

"Адамдар ауырса, мен де ауырып қалатын едім, бірақ ауырған жоқпын. Сосын Сингапурда коронавирусқа қарсы екпе алардың алдында тест тапсырдым. Оған сәйкес, ондай инфекциямен ауырған емеспін", -  дейді Андерсон.

Оның айтуынша, желтоқсан айында Ухань зертханасының біраз қызметкері Сингапурға да барған. Сол жерде Нипах вирусы бойынша жиынға қатысыпты.

"Сонда ешқандай әңгіме болған жоқ. Ғалымдар өсек айтуды жақсы көреді ғой. Бірақ ондай әңгіме болмады", - деді Андерсон.

Осылайша Ухань зертханасының бұрынғы қызметкері коронавирус табиғи жолмен пайда болды деп санайды. Бірақ ондай вирустың зертханадан шығып кету қаупін де жоққа шығармайды. Себебі бұған дейін ондай оқиғалар болған.

"Теориялық тұрғыда зертханадағы ғалым вирусты күшейтемін деп, байқамай оны жұқтыруы да мүмкін. Одан кейін басқаларға жұқтырып, жүре береді. Алайда дәл осындай жағдайдың болғанына ешқандай дәлел жоқ. Болса да, ықтималдылығы өте төмен", - дейді австралиялық вирусолог.

Андерсон жаңа коронавирусты таратқан жануардың әлі күнге дейін табылмай жатқанына қатысты өз ойын да айтты. Оның айтуынша, атипиялық пневмонияның қоздырушысын табуға он жылдай уақыт кеткен. Сондықтан жаңа коронавирусты таратушыны да табу оңай емес.

Жаңалықтар
0