НҰР-СҰЛТАН, 28 маусым – Sputnik. Бүгіннен бастап Ramada Plaza-да қайтадан инфекциялық стационар ашылады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ресми мәліметке сәйкес, қазіргі кезде инфекциялық стационарларда 1 403 пациент жатыр. Соның ішінде 1 256 адамнан коронавирус, ал 148 адамнан пневмония анықталған.
"Осылайша қазіргі кезде стационарлардың жүктемесі 70 процент болып тұр. Бұл – өте үлкен көрсеткіш", - деді Мұратов бүгінгі онлайн брифингте.
Оның айтуынша, бүгіннен бастап "Ramada Plaza" қонақ үйінде болған стационар қайтадан ашылады.
"Естеріңізде болса, былтыр біз инфекциялық стационар ретінде қайта жабдықталған Ramada Plaza қонақ үйін жапқан болатынбыз. Ол жерде ковидтік, артынан карантиндік стационар болды. Қазір бізге қайтадан 500 инфекциялық төсек-орынды жабдықтауға тура келіп отыр. Сондықтан бүгіннен бастап Ramada Plaza коронавирус инфекциясын жұқтырған пациенттерді қайтадан қабылдай бастады. Осының өзі эпидемиологиялық жағдайдың ушығып кеткенін көрсетіп отыр", - деп атап өтті басқарма басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, жұқпалы аурулар ауруханаларына тәулігіне 150-200 адам жатқызылады. 2001 инфекциялық төсек-орынның 598-і ғана бос. Жансақтау бөлімінде дәл қазір 111 науқас жатыр. 57 науқас ауыр, 43 пациент өте ауыр жағдайда, олардың ішінде 20 адам жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылған.