НҰР-СҰЛТАН, 28 маусым — Sputnik. Нұр-Сұлтанда әлеуметтік желіде арандататын хабарлама жазып, қарудың суретін жариялаған ер адам ұсталды.
Ол қару асынып түскен суретін 25 маусымда "ВКонтакте" әлеуметтік желісіне жүктеген. Ер адам әскери киім киген, деп хабарлады Нұр-Сұлтан полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полиция ақпараты бойынша, "102" жедел желісіне елорда тұрғыны хабарласып, әлеуметтік желіде оның ұлына "ертең Нұр-Сұлтанда қызық болады" деген жазуы бар қару асынған бейтаныс ер адамның суреті жолданғанын айтқан.
"Қазіргі уақытта жазба авторы ұсталып, полицияға жеткізілді. Ол 23 жастағы елорда тұрғыны екені анықталды. Ол страйкболмен айналысқанды ұнатады екен және аталған жазбаны "ВКонтактедегі" өз парақшасындағы оқырмандар санын арттыру мақсатында жариялаған", - деді полиция департаменті.
Қазір полиция Қылмыстық кодекстің 287-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Тағайындалған баллистикалық сараптамадан кейін оның қандай қару ұстағаны анықталады. Қазақстанда қару-жарақты заңсыз сатып алу, беру, сату және сақтау үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.