Елорда тынысы

Нұр-Сұлтанда LRT құрылысы қайта жандана бастады  

© Sputnik / Абзал КалиевКое-где через опоры под эстакаду уже переброшены основы платформы под монорельс
Кое-где через опоры под эстакаду  уже переброшены основы платформы под монорельс - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.06.2021
Жазылу
Мердігерлер құрылыс алаңында кейбір дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп түсіндірді City Transportation Systems компаниясы

НҰР-СҰЛТАН, 28 маусым – Sputnik. Әлеуметтік желі қолданушылары атышулы LRT жобасының құрылыс алаңында техникалар мен жұмысшылар жүргенін айтып, видео жариялады.

City Transportation Systems (CTS) компаниясы түсіндіргендей, мердігер ұйым – қытайлық CRAEG консорциумы қазіргі уақытта дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл жұмыстар құрылыс-монтаж жұмыстарымен байланысты.  

"Олар жүргізетін құрылыс-монтаж жұмыстарының кестесі пандемияға байланысты түзетілген болатын", - деп хабарлады CTS баспасөз қызметі.

Жұмысшылар Қазақстанда карантиндік шаралардың күшеюіне байланысты тоқтатылған дайындық жұмыстарын аяқтап жатқаны белгілі болды.

"Бұған дейін қызметкерлер карантинге байланысты елге кіре алмады. Енді олар қайтып келіп, келісімшарт бойынша атқаруға тиіс жұмысты аяқтап жатыр", - деп түсіндірді CTS.

Атышулы LRT

2013 жылы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев LRT құрылысы тым қымбатқа түсетінін мәлімдеді. Бірнеше жылдан кейін қытайлық инвесторлар келді. Ал 2019 жылы шілде айында Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіл рельсті көлік құрылысын сынға алып, осы жобаның тиімділігіне сенбейтінін айтты.

LRT-ның құрылысы 2019 жылдың соңында аяқталады деген жоспар болған. Алайда қытайлық инвесторлар қаржыландыруды тоқтатты. Артынан "Астана банкінде" тағы 200 миллион доллардың бұғатталып қалғаны туралы ақпарат тарады. Биыл наурыз айында Есеп комитеті бұл жоба өзін ақтамайтынын мәлімдеді.

2020 жылы қазан айында Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен LRT-ның міндетте түрде аяқталатынын айтты. Қазіргі кезде жергілікті билік инвесторлармен келіссөз жүргізіп жатыр.

Осы жылдың мамырында LRT құрылысына бөлінген қаржыны жымқыру ісі бойынша сот үкімі шығарылды. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы басшысы Рашид Аманжолов 10 жылға, қалалық мәслихаттың бұрынғы хатшысы және депутаты Жанат Нұрпейісов, "НұрТрейд" ЖШС ("Астана LRT"-ның қосалқы мердігері) бұрынғы директоры Улугбек Ачилов, мердігердің өкілдері Тимур Қасабаев, Дәурен Әбдіхамитов 8 жылға, "Astana Innovations" АҚ экс-басқарма төрағасы Талғат Әшім мен мердігердің тағы бір өкілі Дулат Мусенов 7 жылға сотталды.

Айта кетейік, LRT құрылысына бөлінген қаржыны жымқыру ісі бойынша алғашқы сот отырысы 2020 жылы 29 қазанда өткен болатын. Жеті адам 5,8 миллиард теңгені жымқырғаны үшін айыпталды. Ал елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен "Астана LRT" ЖШС бұрынғы басшысы Талғат Ардан халықаралық іздеуде жүр.

Тергеу материалдарына сәйкес, Сұлтанбеков пен Ардан қылмыстық топ құрып, LRT құрылысына кететін шығындарды 24 миллиард теңгеге артық көрсеткен. Осы қылмысқа әкімдіктің басқарма басшылары, сондай-ақ шетелдік және отандық компаниялардың өкілдері қатысқан.

Жаңалықтар
0