Өңірлер

Бекшин адамдар қандай орындарда коронавирусты жиі жұқтыратынын айтты

© Sputnik / Тимур БатыршинВиды Алматы
Виды Алматы - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.06.2021
Жазылу
Алматыда науқастардың 28 проценті сауда орындарына барып, вирус жұқтырған.  Саябақта да індетке шалдығу қаупі жоғары

НҰР-СҰЛТАН, 28 маусым – Sputnik. Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин коронавирусты жұқтыру бойынша қауіпті орындарды атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Бүгінде инфекция жұқтырғандардың 25 проценті, яғни, әрбір төртінші адам үйдегі науқаспен байланыста болып, ауруға шалдығып жатады. Ондайда инфекция жұқтырған адамды бірден оқшаулау қажет. Бұл - вирус жұқтырудың анық және дәлелденген жері", - деді Бекшин өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Коронавирустың төртінші толқыны басталуы мүмкін – Бекшин себебін айтты

Бас санитардың айтуынша, науқастар арасында сауалнама жүргізу кезінде олардың жиі барған жерлері және тағы басқа мәліметтер тіркеледі. Осылайша вирусты жұқтыру ықтималдығы жоғары орындар анықталады.

"Соңғы бір аптаның ішінде отбасылық шараларды өткізу кезінде инфекцияны жұқтыру оқиғалары жиілеп кеткен. Адамдар үйде, коттеджде жиналады, той, мерейтой, ас өткізеді. Ондай жерлерде коронавирусты жұқтыру көрсеткіші 10 процентті құрайды. Соңғы бір аптаның ішінде тағы өсті", - деп атап өтті Бекшин.

Сондай-ақ, науқастардың 28 проценті сауда орындарына барып, вирус жұқтырған. Әсіресе базарлар (12 процент) қауіпті жерлерге кіреді. Одан кейін сауда үйлері мен ойын-сауық орталықтары тұр.

"Сосын күн жылынғаннан кейін адамдар саябаққа жиі бара бастады. Демалыс аймақтарына, тауға шығады. Ондай нысандарда да вирусты жұқтыру қаупі жоғары. Мәселен орталық саябаққа барып көріңізші. Орталық аллеяда адам құжынап жүр. Адамдар бетперді кимей тұрады. Әсіресе, сенбі-жексенбі күндері адам өте көп. Ондай жерлерге көп бармаңыздар", - деді қаланың бас санитары.

Осы орайда ол қоғамдық көлікті де ұмытпауға кеңес берді. Автобусқа мінгенде сақтық шараларын барынша сақтау қажет.

Жаңалықтар
0