НҰР-СҰЛТАН, 28 маусым – Sputnik. Алаяқтар қазақстандықтарға қоңырау шалып жеке ақпаратын біліп алу үшін өздерін халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерімін деп таныстырады.
Осыған байланысты "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы клиенттерге қоңырау шалмайтынын және қарыздарын өтеуді немесе төлқұжат деректерін тексеруді сұрамайтынын ескертеді.
"Мемлекеттік корпорация қызметкерлері, сондай-ақ борышкерлердің деректер базасын көрмейтінін, азаматтардың банк шоттарын бұғаттай алмайтынын және шетелге шығуға тыйым сала алмайтынын хабарлайды. Клиенттермен барлық қарым-қатынас тек 1414 Бірыңғай байланыс орталығы арқылы жүзеге асырылады", - делінген ақпаратта.
SMS-хабарлама арқылы клиенттерге брондау уақыты, құжаттардың қолданыс мерзімінің аяқталуы, мемлекеттік қызметтер бойынша берген өтініштерінің нәтижесі туралы хабарланады.
Оқи отырыңыз: eGov.kz порталында цифрлық құжаттар пайда болды
Орталық қазақстандықтарды қырағылық танытуды және бөгде адамдарға өздерінің паспорт деректерін немесе цифрлық қолтаңбаларын бермеге кеңес береді. Жеке кабинетке кіріп алаяқтар сіз туралы ақпаратты өз пайдасына пайдалануы мүмкін.