НҰР-СҰЛТАН, 26 маусым - Sputnik. Атырау облысында облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері Жылыой аудандық полиция бөлімінің екі қызметкерін азаптау күдігімен ұстады.
26 жастағы екі полицей ұрлық жасады деген күдікке ілінген Құлсары қаласының тұрғынынан мойындауды азаптау арқылы алған болып шықты, деп жазады жергілікті "Ақ Жайық".
Соққыға жығылған Құлсары тұрғыны сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне шағымданды. 24 маусымда екі қызметкер ұсталды.
Оларға қатысты қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша - 146-бап 1-тармағының 2-бөлігі (адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған азаптау) және 362-бап 4-тармағының 1,3-бөліктері бойынша (күш қолданып немесе оны қолдану қатерін төндіріп билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану.
Оқи отырыңыз: Полицейлер ешкімді камера алдында халықтан кешірім сұрауға мәжбүрлемейді – министр
146-бап бойынша полиция қызметкерлеріне белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
362-бап бойынша бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру, ал 3-тармақта көзделген жағдайларда – белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып мүлкін тәркілеумен жазаланады.
Атырау облысының полиция департаменті өз қызметкерлерін ұстау фактісін растады, бұл факті бойынша қызметтік тергеу жүргізіліп жатқанын айтты.
Ұсталған полиция қызметкерлері Атырау қаласына жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамалды.