Экономика

Кредит алуға ерікті түрде тыйым салу тетігі енгізілуі мүмкін – сарапшылар пікір білдірді 

© Photo : РixabayПодписание документов
Подписание документов - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.06.2021
Жазылу
НовостиTelegram
Бүгінгі таңда заңсыз кредит рәсімдеу қылмысы әлі күнге дейін тыйылмай келеді

НҰР-СҰЛТАН, 25 маусым – Sputnik. Жақында мәжіліс депутаттары кредит алуға ерікті түрде тыйым салу тетігін енгізуді ұсынды. Соның арқасында біреудің атына несиені заңсыз рәсімдеу сияқты алаяқтық әрекеттер азаяды деген болжам бар. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осы бастаманы қолдап отыр. Алайда бірқатар мәселелер бар. Sputnik Қазақстан тілшісі кредит алуға ерікті түрде тыйым салу тетігінің тиімділігін зерделеп көрді.

Жаңа бастама қашан қолға алынады?

Заңсыз кредит рәсімдеу қылмысы әлі күнге дейін тыйылмай келеді. Бұрын алаяқтар, көбінесе, жоғалған құжаттарды пайдаланып, иесін қарызға батырып кетсе, бүгінде онлайн кредиттердің шығуымен ондай әрекеттер көбейе түсті. Әккі қылмыскерлер адамның жеке мәліметтерін иемденіп, заңсыз кредит рәсімдейді де, ақшаны басқа есепшотқа аударады. Ал тәжірибесі жоқ алаяқтар ұялы телефон ұрлап, онлайн-кредит алады.

Осындай қылмыстың құрбаны болған адам мойнында заңсыз кредиттің бар екенін уақытында білсе жақсы. Ал қарыз коллекторларға кетіп қалса, кредиттен құтылу қиын болады. Себебі есепшотты бұғаттап, шетелге шығуға тыйым салып тастайды. Шыны керек, осындай жағдайда кейбір адамдар ары-бері шапқылап жүргісі келмейді, уақыт та тығыз. Осылайша заңсыз кредитті өз қалтасынан төлейді.

"Ал кредит алуға ерікті түрде тыйым салу тетігі енгізілсе, алаяқтық әрекеттер азайды. Себебі адам өз атына кредит рәсімдеуге тыйым салып қояды. Тиісті ақпарат оның кредиттік тарихында көрсетіліп тұрады. Сонда кредит беретін мекемелер ондай тыйымды көріп, несие рәсімдеуден бас тартуға міндетті болады. Ал кредит берілген жағдайда оны қайтаруды талап ете алмайды", - дейді депутат Айгүл Құспан. 

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі кредит алуға ерікті түрде тыйым салу тетігін қолдап отыр. Алайда алдымен көрші елдің тәжірибесін байқап көруге мүдделі.

"Бүгінде ондай бастама Ресей Федерациясында талқыланып жатыр. Сондықтан тиісті механизмді қазақстандық қаржы нарығында тиімді енгізу үшін сол тәжірибені ескерген дұрыс болады", - дейді агенттік мамандары.

Ресей жаңа бастаманы қалай іске асырады

Көрші елде кредит алуға ерікті түрде тыйым салу тетігін талқылап қана қоймай, арнайы заң жобаларын да дайындап қойған. Қазіргі кезде тиісті өзгерістер мен түзетулер мемлекеттік думаның салалық комитеттерінде қаралып жатыр. Оған сәйкес, адам кез келген уақытта кредит алуға өзі тыйым сала алады. Ал несие алғысы келсе, ол тыйымды кері қайтаруға мүмкіндік бар.

Қазіргі жоба бойынша алдымен "Мемлекеттік қызметтер" порталы немесе банктің мобильді қосымшасы арқылы өтінім жіберіледі. Соның негізінде кредит алуға ерікті түрде тыйым салынады. Өтінімді орындау мерзімі – 7 күн. Тиісті ақпарат кредиттік тарихқа түседі. Бүгінде банктер де, микроқаржы ұйымдары да алдымен осы деректер базасын қарайды. Кредит алуға ерікті түрде тыйым салынып тұрса, несие рәсімдеуге болмайды. Ал шектеуге қарамастан кредит рәсімделген жағдайда банк те, микроқаржы ұйымы да ақшаны қайтаруды талап ете алмайды. Ондай қарызды коллекторларға сатуға рұқсат жоқ.

Кредиттік шектеуді алып тастауға болады. Ол үшін қайтадан портал немесе банк арқылы өтінім жіберіледі. Бірақ оны қарау мерзімі бір жарым аптаға созылады. Бүгінде Ресейдің ірі банктері жаңа бастаманы толығымен қолдап отыр.

Бірқатар мәселелер бар

Қазақстанның қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жаңа бастаманы ұлттық банкпен, қаржыгерлермен және кредиттік ұйымдармен де талқылап шыққан. Барлығы кредит алуға ерікті түрде тыйым салуды қолдады. Алайда осы бір жүйені енгізу үшін бірқатар мәселелерді шешу керек екен.

Біріншіден, жаңа бастаманы іске асырудың нақты тәртібі болуы қажет. Оны "бірыңғай терезе" қағидаты арқылы жасаса, техникалық жағын ойластырып қойған жөн. Ал кредиттік ұйымдар арқылы іске асырған жағдайда нақты бір ережесі болуы шарт.

Екіншіден, кредит алуға ерікті түрде тыйым салудың қауіп-қатерлері де жоқ емес. Мәселен, адам кредит алуға шешім қабылдаса, тыйымды алып тастауға өтінім жібереді. Оны жасау үшін біршама уақыт кетеді. Сол екі арада алаяқтар заңсыз кредит іліп кетуі де мүмкін. Ал банк пен микроқаржы ұйымында алаяқтардың сыбайласы отырса, онда ешқандай тыйымдар да көмектесе алмайды. Себебі олар оны өздері алып тастай салады.

Қаржыгер Расул Рысмамбетов те проблеманың өзі қаржы ұйымдарында екенін айтып отыр. Оны ретке келтірмесе, кредит алуға ерікті түрде тыйым салу тетігі де көмектеспейді. 

Оқи отырыңыз: Қазақстанда шағын кредит беру тәртібі өзгерді

"Банктер мен микроқаржы ұйымдарының өздері қауіпсіздікке кепілдік бере алмай отыр. Алдымен осы мәселені шешу керек. Мәселен, банк менеджерлері VIP-клиенттер туралы ақпаратты брокерлік компанияларға сатып отырады. Бір ретте менің жеке мәліметтерім де сатылған. Міне, ең бірінші, осы мәселені шешу керек. Әйтпесе, кредит алуға ерікті түрде тыйым салу тетігі енгізілсе де, заңсыз несие рәсімдеу әрекеттері тыйылмайды", - деді Рысмамбетов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.   

Осы орайда сарапшы жаңа бастаманы маскүнемдіктен кодтау шарасымен салыстырды. Бір айырмашылығы сол, басқа біреулер бәрібір жолын тауып, адамның мойнына кредит іліп кетеді.

Ресейді күтудің қажеті жоқ

GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры, экономист Мақсат Халықтың ойынша, кредит алуға ерікті түрде тыйым салу тетігін Ресейді күтпей-ақ енгізе беруге болады. Себебі осы бастаманың пайдасы басым.  

"Бұл бастаманы іске асыру керек. Осының арқасында адам өзін қауіпсіз сезіне алады. Өйткені бүгінде алаяқтар ЖСН-ның көмегімен де заңсыз кредитті рәсімдей береді. Ал кредит алуға ерікті түрде тыйым салу тетігі болса, ондай әрекеттер азаяды. Әрине, агенттік мамандары айтып отырған уақыт аралығында заңсыз несие іліп кету қаупі бар. Дегенмен, ондай жағдайдың ықтималдылығы төмен", - дейді Халық.

Сарапшының айтуынша, жаңа бастаманы банктер арқылы жасаса, қосымша адам ресурсы қажет болады. Дегенмен, қауіпісіздік жағынан тиімді. Онда банктер де, клиенттер де артық проблемадан құтылады.

Жаңалықтар
0