Саясат

Қазақстанда ауыл әкімдерін сайлау қашан және қалай өтеді

© Sputnik / Владислав ВодневПредставители Ассамблеи народа Казахстана голосуют на выборах в мажилис
Представители Ассамблеи народа Казахстана голосуют на выборах в мажилис - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.06.2021
Жазылу
Бұл науқанның айырмашылығы - сайлау бір реттік болмайды, ол әкімдердің өкілеттілігінің аяқталуына немесе мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты өтеді

НҰР-СҰЛТАН, 24 маусым – Sputnik. Қазақстанда аудандық маңызы бар қалалар, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің сайлауы қалай өтетіні туралы орталық сайлау комиссиясының мүшелері айтып берді.

"Әдетте дауыс беру күні демалыс күніне сәйкес келеді, бұл сайлаушыларға жұмыс уақытында алаңдамау үшін ыңғайлы. Менің ойымша, бұл тәжірибе дұрыс және оны жалғастыру керек деп есептеймін", - деді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ерлан Дауылбаев.

"Бұл науқанның айырмашылығы - сайлау бір реттік болмайды, ол әкімдердің өкілеттілігінің аяқталуына немесе мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты өтеді", - деп атап өтті Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров.

Аудандық маңызы бар қалалар, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің сайлауын тиісті аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы тағайындайды.

Сайлау науқанының жалпы ұзақтығы - бір ай.

Сайлау әкімнің өкілеттілік мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 40 күн бұрын белгіленеді және кемінде 10 күн бұрын өткізіледі.

Кандидаттарды ұсыну

Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдеріне кандидаттар ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі күні басталады.

Ұсыну мерзімі сайлау өтетін күнге 15 күн қалғанда, сағат 18.00-де аяқталады.

Егер ұсыну мерзімі аяқталғанға дейін бір ғана кандидат тіркелген болса сайлау комиссиясы кандидаттарды ұсыну мерзімін ұзартады.

Кандидаттар ұсынылуы мүмкін:

  1. Саяси партиялардың мүшесі ретінде. Бұл ретте саяси партия бір сайлау округінде бір ғана кандидат ұсынуға құқылы;
  2. Кандидаттың өзін-өзі ұсынуға құқы бар. Ол тиісті округ сайлаушыларының жалпы санының кемінде 1%-нің қолдауына ие болуға тиіс.

Егер ұсыну мерзімі аяқталатын күнге дейін бір ғана кандидат тіркелген болса, онда сайлау комитеті кандидаттарды ұсыну мерзімін бес күннен аспайтын мерзімге ұзартады және аудан әкімі жергілікті қоғамдастық жиналысының келісімі бойынша кемінде екі кандидат ұсынуға құқылы.

Үміткерлерге қойылатын талаптар

Кандидат бола алмайды:

  • сот шешімі бойынша жазасы өтелмеген немесе алынбаған адам;
  • сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе құқықбұзушылық үшін кінәлі деп танылған адам.

Кандидат 25 жастан асқан Қазақстан азаматы болуға тиіс.

Бір адам бір аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімі болып қатарынан екі реттен артық сайлана алмайды.

Кандидаттарды тіркеу

Кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжатты алғаннан кейін басталады және сайлауға 10 күн қалғанда, сағат 18.00-де аяқталады.

Аумақтық сайлау комиссиясы кандидаттарға тиісті куәліктер береді. Тіркелгеннен кейін бесінші күннен кешіктірмей жергілікті БАҚ-та кандидатты тіркеу туралы хабарлама жарияланады.

Сайлауалды үгіт жұмыстары

Сайлау алдындағы үгіт жұмыстары сайлау күніне 10 күн қалғанда кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған сәттен басталады. Сайлау болатын күннің алдында жергілікті уақыт бойынша сағат 00.00-де аяқталады.

Дауыс беру күні

Сайлау сағат 07.00-ден 20.00-ге дейін өтеді.

Сайлау учаскелерінде дауыс санау дауыс беру аяқталған кезден бастап 12 сағаттан кешіктірілмей жүргізіледі.

Қорытынды сайлау өткеннен кейін үш күн ішінде шығарылады.

Сайланған әкімдерді тіркеу

Ауданның (қаланың) аумақтық сайлау комиссиялары:

  • 7 күн ішінде сайланған әкімді тіркейді;
  • сайланған әкімге тиісті куәлік береді.

Сайланған әкімнің өкілеттілігі оны аумақтық сайлау комиссиясы тіркеген кезден басталады.

Бұған дейін мемлекет басшысы бірінші кезекте 729 ауыл әкімін сайлау өткізілетінін, ал жыл соңына дейін жергілікті билік органдарының тағы 46 басшысы сайланатынын хабарлады.

Жаңалықтар
0