НҰР-СҰЛТАН, 24 маусым – Sputnik. Парламент сенаты жер қатынастарын дамыту мәселелері туралы заңды екі оқылымда қарап, қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Заңға сәйкес, қазақстандықтарға және қазақстандық заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді 49 жылға дейін жалға алуға рұқсат етіледі. Сонымен қатар жалға алу мерзімі аяқталған кезде, оны жаңа мерзімге ұзарту құқығы беріледі.
Сондай-ақ Жер кодексінің ауыл шаруашылығы жерлерін жеке меншікке беру жөніндегі нормаларына мораторий 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылады.
Заң жобасында бұдан бөлек мынадай нормалар көзделген:
- Қазақстандықтар үшін және шетелдіктер қатыспайтын Қазақстанның заңды тұлғаларына ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру институтын сақтау;
- Қазақстан азаматтарының және шетелдіктер қатыспайтын қазақстандық заңды тұлғалардың ауыл шаруашылығы жерлерін жалға алу құқығын иеліктен шығару мүмкіндігі (жалға алу құқығын иеліктен шығаруға рұқсат ол берілген кезден бастап бес жыл өткеннен кейін ғана қолжетімді болады және мемлекеттен жалға алу құқығын сатып алу талап етілмейді);
- ауыл шаруашылығы жерлерін қосалқы жалға беруге тыйым салу;
- жергілікті атқарушы органдардан тиісті функцияларды ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетіне қайтару арқылы жерлердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды күшейту;
- конкурсқа шығарылатын жер учаскелерінің шекті мөлшерін белгілеу;
- ауылдық жерде кемінде 5 жыл тұратын адамдарға ауыл шаруашылығы жерлерін беру жөніндегі конкурсқа қатысқан кезде олардың конкурстық ұсыныстарына қосымша балл беру түрінде артықшылық беру;
- жеке ауладағы ауыл шаруашылығы жануарларын ұстап-бағуға арналған жайылымдық алқаптарының шекараларын айқындау.
Айта кетсек, 13 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге сатуға тыйым салатын заңға қол қойды.
Тоқаев жерді шетелдіктерге сатуға тыйым салатын заңға қол қойды
Енді ауыл шаруашылығы жерлері шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық қатысу үлесі бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға берілмейді.