Қоғам

Президент алдағы әкімдер сайлауын дұрыс ұйымдастыру маңызды екенін айтты

© Sputnik / Владислав ВодневПредставители Ассамблеи народа Казахстана голосуют на выборах в мажилис
Представители Ассамблеи народа Казахстана голосуют на выборах в мажилис - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.06.2021
Жазылу
Мемлекет басшысы облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерімен ауыл әкімдерін сайлау мәселелері жөнінде кеңес өткізді

НҰР-СҰЛТАН, 23 маусым – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерін сайлау мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлады Ақорда.

Жиынға президент әкімшілігі мен үкіметтің басшылық құрамы да қатысты.

Президент алдағы сайлау науқанының маңызды екенін атап өтті. 

"Осы оқиғаны еліміздің тарихындағы айтулы белес деп айтуға болады. Негізі, бұл біз үшін стратегиялық мәні айрықша міндет. Азаматтарымыз тұңғыш рет жергілікті атқарушы биліктің басшысын тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болмақ. Біз бұған біртіндеп, жоспарлы түрде келдік", – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерін тікелей сайлау туралы бастаманы былтырғы жолдауында көтергенін еске салды. Бір жылға жетер-жетпес уақыт ішінде бұл жұмыс жүзеге асырыла бастады.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқының 40 пайыздан астамы ауылда тұратынына тоқталып, бұл саяси шара, ең алдымен, ауыл тұрғындарының мүддесі үшін жасалып жатқанын жеткізді.

"Алдағы сайлау біз жүзеге асырып жатқан саяси реформаларға тың серпін береді деп сенемін. Сондай-ақ тұрғындарды ел басқару және шешім қабылдау үдерісіне тартуға жол ашады" – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Оқи отырыңыз: Жаңа оқу жылы дәстүрлі форматта өтеді – Тоқаев

Мемлекет басшысы партиялық бәсекені күшейту мәселесіне назар аударды. Партиядан үміткер ұсыну мемлекеттің институционалдық тұтастығын бекемдей түседі және саяси үдерістің барынша ашық болуына септігін тигізеді.

Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті атқарушы биліктің жауапкершілігі жоғары болуға тиіс екеніне баса мән берді.

"Әкімдер – биліктің әрбір елді мекендегі тікелей өкілі.  Жұрт олардың қызметіне қарап бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін бағалайды. Сондықтан тиімді мемлекет және әділетті қоғам талаптарына сай болу үшін алдағы сайлауды дұрыс ұйымдастыру өте маңызды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жаңалықтар
0